Ultimate magazine theme for WordPress.

«Керемет» десе, керемет!

142

Таразда шығарылатын шекілдеуікке сұраныс көп

Елбасының былтыр қазан айындағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауында «Сонымен бірге халық тұтынатын тауарлардың ауқымды номенклатурасын игеріп, «қарапайым заттар экономикасын» дамыту үшін кәсіпорындарымызға көмектесу қажет. Бұл экспорттық әлеуетімізді жүзеге асыру тұрғысынан ғана емес, сондай-ақ ішкі нарықты отандық тауарлармен толтыру үшін де қажет» деп алға нақты міндеттер қойғаны белгілі.
Осыған байланысты қаламсап, кір сабын, тіс тазалағышқа дейін өзімізде өндірілуіне қол жеткізсек қой, шіркін! Жергілікті кәсіпкерлеріміздің тап осы істі орайымен үйлестіріп жатқандары да аз емес. Солардың бірі «Сары Бас» компаниясының жетекшісі Берік Сәбденалиев өздерінің шұжық өнімдерімен қоса күнбағыс пістесі мен арахис дәнін де шығаруды қолға алғандарын айтады. «Сарыбастықтар» бұл іспен төрт жылдан бері тұрақты айналысып келеді екен.
– Бұл бір қарағанда оңай шаруа секілді көрінеді. Дейтұрғанмен өнімнің мұндай түрін дайындау технологиясын жақсы меңгеріп алмайынша, бұл іске тәуекел ету де қиын. Пістені жуып, тазалап, құрғатып кептіру, тұз қосып дәмін келтіру, қуыру жұмыстарының талапқа сай ұйымдастырылуы қажет-ақ. Бәрі де еңбекпен келеді. Нәтижесінде тұтынушыларымыздың қыс бойы шекілдеуік шағуына мүмкіндік тумақ. Ол да бір жеңсік ас қой. Бүгінде өнімдеріміз нарықта айрықша сұранысқа ие, – дейді компания басшысы.
Тараздықтардың «Бізде Ресейдің «Джинынан» әлденеше есе дәмді «Керемет» пістелері шығады» деп мақтанатындай жөні бар. Дүкендердің сөрелерін осынау отандық өніміміз жаулап алды десе де болады. Ауылдық тауар өндірушілерден күзгі жиын-терін кезінде қотара сатылып алынатын 50-100 тонна көлеміндегі күнбағыс пістелерін ұқсатып, өңдеу ісі аталған кәсіпорында жыл – он екі ай бойына жалғасады екен. Шағын цехтың жобалық қуаттылығы айына 10-20 тонна өнім шығаруға есептелген. Берік Узматұлы оны «Даму» қорынан алған несие қаражаты есебінен іске қосқан. Өнімдері әзірге өңірлерде өткерілуде. Алдағы уақытта мұнда өнім өндіру көлемінің ұлғайтылуы ойластырылу үстінде.
Мекеме бүгінде 10 азаматты тұрақты жұмыс орнымен қамтып отыр.

Баймаханбет Ахмет

Тараз қаласы.

Жауап Қалдырыңыз

Your email address will not be published.