Сарысуда сауапты істер жалғасуда
Жаңатас қаласында тағы бір көп балалы отбасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Бір отбасы, бір пәтер» аудандық жобасы аясында баспаналы болды. Ұзақ жылдар бойы пәтерден-пәтерге көшіп жүрген жалғызбасты анаға жас кәсіпкер үй сыйлады.
Меценат Фархат Исақұлұлы Шаимқұлов бұған дейін де бірқатар аз қамтылған отбасыларды азық-түлікпен, басқа да жан-жақты көмекпен қамтып, мүмкіндігінше қолұшын созып келген еді. «Осы отбасының тұрмыс жағдайы тым төмен екендігін байқайтынмын. Көп ойлана келе осындай қадамға барып, ораза айында тосынсый жасауды жөн деп шештім. Елімізде пәтер алуға жағдайы келмейтін, көп балалы отбасылар жетерлік. Мен өз елімнің патриоты ретінде осындай жандарға өз көмегімді көрсеттім», – дейді кәсіпкер.
Енді бұл пәтер балалардың сыңғырлаған күлкісіне толады. Бұл отбасы бұрынғыдай үйден-үйге көшіп жүрмейді. Басыбайлы баспаналы болды. Нұргүл есімді жалғызбасты бес балалы ананың қуанышында шек жоқ. Толқыған ол көз жасына да ерік берді. «Үйім жоқ еді. Тіршіліктің тауқыметін жас болсам да аз көрмедім. «Жыртық үйдің жамауы бар» деген рас-ау, жоқ жерден 2 бөлмелі үй берді. Мұндай болады деп ойламап едім. Іші керемет, бәрін жасап қойыпты. Бұл кісіге көп рахмет. Алланың нұры жауа берсін. Аспанымыз ашық болсын. Аналардың жағдайын жасауға барынша көңіл бөліп жатқан облыс басшысы Асқар Мырзахметов ағамызға да алғысым шексіз», – дейді Нұргүл Қонысбаева.
Жаңадан көрші болып жатқан Нұргүлдің қоңсыласы 76 жастағы 8 бала, немере-шөбере сүйген ана Мәріш Байзақова шашу шашып қуанып, жақсылық жасап жатқан азаматтарға ақ батасын берді.
Ал мұның алдында ғана жергілікті кәсіпкерлер Дәулеталды Жанбаев пен Тоқтасын Бләлиев бір-бір отбасын баспанамен қамтып, көптің алғысына кенелген болатын.
Дариха ҮМБЕТИЯРОВА,
аудан әкімінің баспасөз хатшысы.
Сарысу ауданы.