Ultimate magazine theme for WordPress.

Жемқорлықпен күреске баса назар аударылған

160
Президенттің әлеуметтік негізгі 5 мәселені шешу жөніндегі Жолдауы – Қазақстан мемлекеттігін дамыту жолындағы ерекше тарихи кезең. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеше Қазақстан халқына алғашқы Жолдауын жолдады. Мұқият тыңдадым.
Жолдауда халықтың көкейінде жүрген ең маңызды мәселелердің түйіні тарқатылды. Әсіресе, сыбайлас жемқорлықпен күреске баса назар аударылған.
– Сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Орталық және жергілікті органдардың нормативтік құқықтық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу  ісін қайта қалпына келтіру қажет. Бұған сарапшылар мен қоғам өкілдері де атсалысуы тиіс. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасалған мекеменің бірінші басшысының жауапкершілігін заңнамалық және нормативтік тұрғыдан нақты белгілеу керек. Сондай-ақ, заңсыз және арандатушылық әрекеттерге барғаны үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл органдарының қызметкерлерін қатаң жазалау керек. Ондай қызметкерлерге тергеу саласында орын жоқ.    Кінәсіздік презумпциясы қағидаты толық көлемде сақталуы тиіс, – деді бұл жайында мемлекет басшысы.

Жемқорлықпен күресті қатаңдату және осындай заң бұзушылыққа жол берген мекеме қызметкерінің басшысының жауапкершілігін күшейту мәселесі де бұрыннан қозғалып келе жатқандығы белгілі. Бұл мәселе нақты шешімін тапса, жемқорлық қылмыстың жолын кесуге үлкен серпін берері анық. Жолдауда айтылған «Егер қажетті құрылымдық өзгерістерді жүзеге асырсақ, 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 пайызға және одан да жоғары деңгейге жеткізуге болады» деген пайым жалаң сөз емес, нақты жағдайларға талдау жасау арқылы жасалған болжам десек, артық айтқандық болмас. Жыл сайынғы 5 және одан да жоғары өсімге қол жеткізу еліміздің экономикасын жаңа белестерге көтерері даусыз.

Жолдауда сондай-ақ, сот, құқық қорғау органдарының соңғы кезде ізгілендіру ұранымен аса ауыр қылмыстарға деген жазаны да тым жұмсартып жібергені айтылып, зорлық-зомбылық, педофилдік, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қарсы тұрмыстық зомбылық, браконьерлік сияқты белең алып бара жатқан заңсыздықтарға қарсы жазаны қатаңдату жайына назар аударылуы құптарлық.

М. Сантаев,

Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаменті

ЖД-158/2 мекемесінің режим бөлімінің бастығы,

әділет капитаны

Жауап Қалдырыңыз

Your email address will not be published.