Ultimate magazine theme for WordPress.

Қыркүйекте балалар онлайн оқи ма, әлде мектепке бара ма және неге алдағы оқу жылында оқушыларға мектеп формасын кию міндетті емес

162

Осы жылдың қыркүйегінде балалар онлайн оқи ма, әлде мектепке бара ма және неге алдағы оқу жылында оқушыларға мектеп формасын кию міндетті емес. Бұл сұрақтарға Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біріншіден жалпы дайындық жоғары деңгейде жүргізіліп жатыр. Аяқталған оқу жылының төртінші тоқсанында да дайындық жұмыстары тоқтап қалған емес. Бұл туралы бұрын да айтқанбыз. Екіншіден, бұл тұрғыда Білім және ғылым министрлігінің жалпы жоспары бар. Күрделі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, біз әу бастан үш негізгі нұсқаға дайындалдық. Болжамымыз дұрыс болып шықты», – деді Асхат Аймағамбетов Білім және ғылым министрлігінің онлайн форматтағы тілшілермен кездесуінде.

Министрдің айтуынша осы үш бағыт бойынша дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде. «Осы үш нұсқа Денсаулық сақтау министрлігімен, басқа да мемлекеттік органдармен талқылану үстінде. Оның қыр-сырын зерттеу бойынша жұмыс топтары бар. Іске ғалымдар мен педагогтарды, мектеп директорлары мен сарапшыларды тарттық. Сол себепті қазіргі уақытта барлы өңірде үлкен талқылау жұмыстары жүргізілуде. Осыған дейін әлеуметтік желіде тарап кеткен слайд-материал Білім және ғылым министрлігіне тиесілі емес. Оны мектеп деңгейінде талқылағандардың бірі таратуы мүмкін», – деді ол.

Асхат Аймағамбетов сонымен бірге мұғалімдерге арналған курстар дайындалғанын жеткізді.

«Ең маңызды сұрақтардың бірі – педагогтердің қазіргі жаңа жағдайға дайындығы. Қандай нұсқа қабылданса да педагогтерге жаңа дағды керек. Оны төртінші тоқсанда айқын байқадық. Сондықтан бес модульден тұратын осы курстар – ІТ-дағды, цифрлық педагогика мәселелерін қамтиды. Қандай нұсқа қабылданса да – осы курстарды жүргіземіз. Сондай-ақ комьпютер мен серверлер, интернет мәселесі. Қашықтан оқысақ та, қалыпты оқысақ та – мектептерге компьютер керек. Әкімдіктер осы мәселеге жіті назар аударып отыр. Егер мектепте бір компьютерге 20-25 баладан келсе, онда олардың ІТ-дағдысын дамытамыз деген сөз бекер», – деді ол.

Министр өз сөзінде ерекше қажеттілігі бар балаларға берілетін білім сапасы мәселесі де ұмытылмайтынын жеткізді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында мектептердің алдағы жаңа оқу жылына дайындығын пысықтаған болатын және мемлекет басшысы  мектеп бағдарламасына тағы бір міндетті пән қосуды ұсынған еді.

«Біз мектептерде жаңа пән – балалардың экологиялық сауатын арттыратын сабақты енгізуміз қажет», – деді Тоқаев.

«Әкімдіктер жаңа оқу жылына дереу дайындалып, мектептер мен жекелеген мұқтаж отбасыларды қажетті техникамен жабдықтауға тиіс. 1 қыркүйекте жаңа оқу жылы басталады. Министрліктің бұл оқиғаға дайындығына күмәнім бар. Балалар қалай оқиды – мектепте немесе қашықта? Мұғалімдердің жаңа оқу жылына дайындығы қандай?», – деп сұрақ қойды Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар неге Қазақстанда алдағы оқу жылында оқушыларға мектеп формасын кию міндеттелмейтіні түсіндірілді.

«Мектеп формасы түсінігінің өзі, оның қағидаты мен талаптары ешқайда жоғалып кетпейді. Бірақ біз бұл бұйрыққа арнайы тармақ енгіземіз. Яғни ол тармаққа төтенше жағдай, карантин, шектеу шаралары мен басқа да форс-мажор жағдайлар жатады. Дәл осындай жағдайларда балаларға классикалық іскерлік киіммен келуге рұқсат береміз», – деді Асхат Аймағамбетов Білім және ғылым министрлігінің онлайн форматтағы тілшілермен кездесуінде.

Оның айтуынша егер ата-аналарда қазіргі уақытта мектеп формасын алуға жағдайы болмаса балаларға қарапайым классикалық киім алып беруге болады.

«Мұндай шешімді біз қабылдадық. Қазіргі жағдайда бұл шешімнің маңызы зор деп есептейміз. Мұны кеңес сипатында емес, Білім және ғылым министрлігінің әділет органдарында тіркеген бұйрығы негізінде жүргізіп жатырмыз. Шешімнің нормативті-құқықтық құжат ретінде сипаты болуы керек», – деді ол. Бірақ, бұл өзгеріс уақытша екенін ескертті.

Жауап Қалдырыңыз

Your email address will not be published.