Бейжіңнің АҚШ-пен сауда дауына қатысты өз түйгені бар
Қытай сауда дауында сыртқы қысымның құрбаны болмайтынын мәлімдеді. Алайда ел билігі Вашингтон тауарларға қатысты жаңартылған тарифті енгізген жағдайда ресми Бейжіңнің АҚШ-қа қандай қарсы шара қолданатыны туралы тіс жармады. Екі ел арасындағы сауда соғысы Дональд Трамптың өткен аптадағы «Бейжің саудадағы келісімді бұзды» деген мәлімдемесінен соң өрши түскен еді. Айыптаудан соң АҚШ билігі Қытай тауарларына қатысты салық тарифін 200 миллиард долларға дейін көтеретінін хабарлаған болатын. Бейжіңдегі брифингте сөйлеген сөзінде Қытайдың сыртқы істер министрлігі өкілі Гэн Шуан тарифті көтергеннен мәселенің шешілмейтінін айтты.