Ultimate magazine theme for WordPress.

Шу өңірінде күн электр стансасы салынуда

179

Ел экономикасы дамып, халық саны артқан сайын электр қуатына деген сұраныстың арта түсетіні белгілі. Оны шешудің жолдары да әр алуан. Бұл ретте әлемдегі дамушы мемлекеттер жаңғыртылған энергия көздерін пайдалануды, күннен, желден, судан қуат өндіруді жүзеге асыруда. «Жасыл экономика» болашақтың да энергиясы. Бұл іс біздің елімізде, оның ішінде өңірімізде де кең өрістеуде. Соңғы жылдары облыс көлемінде күннен, желден және судан электр қуатын өндіретін бірқатар нысандар іске қосылды. Бүгінде, міне, қуаттылығы 100 мегаватты құрайтын күн электр стансасының құрылысы Шу ауданы аумағында да жүргізілуде.
– Мұндағы құрылыс жұмыстарының 45 пайызы аяқталып, қажетті жабдықтардың 70 пайызы жеткізілді. Жалпы, бұл іс кестеге сай жүзеге асырылуда. Барлығы 350-ге жуық адам жұмыс істейді. Ал нысанды келесі жылдың алғашқы жартыжылдығында толық іске қоссақ деп отырмыз. Станса аумағы қоршалып, тегістеу жұмыстары аяқталуға жақын қалды. Қазір күн панельдеріне арналған тіреуіштерді орнатып жатырмыз. Айта кету керек, панельдер 25 жылға дейін жұмыс істейді. Стансаны аудан аумағында орналастыруымыздың екі бірдей себебі бар. Оның біріншісі – ауданның күн сәулесі белсенділігі жоғары аймақтардың қатарына жататындығы, екіншісі – мұнда «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының орналасқандығы. Әлбетте, 500 гектардан астам аумақты алып жатқан АЭА іске қосылған кезде электр қуатына деген сұраныс жоғарылайтын болады. Сондықтан бұл жоба біз үшін де, экономикалық аймақ үшін де өте тиімді, – дейді француздық «Total Eren» мұнай-газ компаниясының еліміздегі өкілі және «M-Kat Green» ЖШС-ның бас директоры Илья Чернодаров.
Аталған инвестициялық жобаның жалпы құны 60 миллиард 737 миллион теңгені құрайтынын айта кеткеніміз жөн. Ал құрылыстың бас мердігері Жуалы ауданындағы күн электр стансасының құрылысын жүргізген «METKA-EGN.KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екен. «Біздің серіктестік бүгінде 500 гектар аумаққа күн электр стансасының құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Бұл жұмыстар толық аяқталған кезде облыстағы электр қуатына деген тапшылық толық жойылмаса да, едәуір азаятыны анық. Халықаралық жобаны жүзеге асыруда Франция, Грекия және Бразилия елдері мамандарының да тәжірибелері пайдаланылуда» – дейді аталған серіктестіктің техника қауіпсіздігі бөлімінің басшысы Еділ Есенқұлов.
Мамандардың айтуынша, нысан құрылысының негізгі кезеңінде ауданның бір өзінен 500-ге тарта азамат жұмысқа тартылмақ. Болашақта стансада тұрақты жұмыспен қамтылатын 10 адам да жергілікті тұрғындардан болады. Оларды инвесторлар қаржысы есебінен арнайы оқытып, біліктіліктерін жетілдіру де көзделген. «ШУ-100 МВт» күн электр стансасы қуат өндіруде қоршаған ортаға зиянды заттар шығармайды. Сондай-ақ өндірілген қуат «KEGOK» акционерлік қоғамына өткерілетін болады. Стансаның өнімі барлық қазақстандық электр жүйесіне қосылмақ. Бұл алдағы уақытта аймақтағы қуат бағасының едәуір арзандауына да өз септігін тигізбек. Франциялық «Total Eren» мұнай-газ компаниясының құрылыс менеджері Джордж Диаб станса аумағында қуаттылығы өте жоғары 300 мыңға жуық монокристалды панельдер орнатылатынын айтады.
Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, өңірде бүгінде күннен, желден және судан энергия өндіретін 168,7 мегаваттық 10 станса бар екен. Ал тұтастай алғанда облыс орталығындағы тұрғындар сағатына 50-60, ал аудандағылар шамамен 90 мегаватт электр қуатын тұтынатын көрінеді. Алдағы уақытта Шуда еңсе көтеретін күн электр стансасы тұрғындардың осы қажеттілігі өтелуіне өзіндік елеулі үлесін қосатын болады.

 

Ерғали Қартайған
Шу ауданы.

Жауап Қалдырыңыз

Your email address will not be published.