Ultimate magazine theme for WordPress.

Қазақстан-ҚХР: екі халықты өркендеу рухы мен алға қарай ұмтылыс жақындата түседі

150

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына екі күндік мемлекеттік сапары ҚКП ОК Саяси бюросының мүшесі, ҚКП Сыртқы істер жөніндегі басқарушы топ Канцеляриясының бастығы Ян Цзечимен кездесуден басталды.
Мемлекет басшысы содан соң Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің 6-шы отырысына қатысып, сөз сөйледі. Іс-шара қорытындысы бойынша Қазақстан тарапының өкілдері қытайлық бизнесмендермен бірқатар коммерциялық келісімдерге қол қойды.Осы күні Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР іскерлік орта өкілдерімен де кездесті. Жиынның ашылуында Президент Қазақстан мен Қытайдың 27 жылдық ынтымақтастығының нәтижесінде екі ел арасында қарым-қатынас нығайып, жан-жақты стратегиялық әріптестік қалыптасқанын айтты. Бұған екі елдің жоғары деңгейде сенімді диалог орнатуы негіз болғанын да тілге тиек етті.
Қазақстан Президенті мемлекеттік сапары барысында Қытай қоғамдық ғылымдар академиясында лекция оқыды. Мемлекет басшысы Академия профессорлары мен сарапшыларының және қазақстандық студенттердің алдында сөйлеген сөзінде қоғамдық ғылымдардың кез келген мемлекеттің даму бағдарын айқындауға елеулі үлес қосатынын атап өтті.
– Қытай Қоғамдық ғылымдар Академиясы – мемлекеттік маңызы ерекше құрылым. Академияның зерттеу орталықтары мен институттары әлемдік ғылыми ой-пікірді дамытуға зор үлес қосып келеді. Қытай Қоғамдық ғылымдар Академиясында біздің елімізді жақсы білетін және қазақ тілін меңгерген сарапшылардың бар екенін ерекше ризашылықпен атап өткім келеді. Академия ғалымдарының ой-пікірлері мен ұсыныстары өзара тиімді ықпалдастығымызды одан әрі арттыруға ықпал етеді деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстан мен Қытай тарихында ортақ дүниелер көп екенін айтты. Оның сөзінше, екі халықты өркендеу рухы мен алға қарай ұмтылыс жақындата түседі.
Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің дипломатиялық қызметін дәл осы Бейжіңде бастағанын айтып, сол кезде ұлы мемлекет қайраткері Дэн Сяопиннің ашықтық пен реформалар саясатына куә болғанын жеткізді.
– Қытай – бізге ең жақын әрі Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын алғашқылардың бірі болып мойындаған мемлекеттердің бірі. Сондай-ақ, ядролық держава ретінде Қазақстанға ешқандай талап қоймастан, қауіпсіздік кепілдігін берген де Қытай елі болды. Діни экстремизмге, сепаратизм мен терроризмге, яғни «Үш зұлымдық күшіне» қарсы күрестегі ортақ ұстанымдарымыз Қазақстан-Қытай диалогының одан әрі кеңеюіне ықпал етті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы қазақ-қытай қатынастарының қалыптасу тарихына егжей-тегжейлі тоқталып, сауда-экономикалық, көлік-логистикалық іс-қимылдар мен инвестициялық ынтымақтастықтың басым бағыттарын белгілеп берді. Мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Лекцияның негізгі бөлігі қазіргі халықаралық қатынастарға талдау жасауға арналды.
Мемлекет басшысы дәрісінің соңында «еліміздің ұстанымын айқындап, Қазақстан мен Қытайдың көрші әрі стратегиялық серіктес ретінде өсіп-өркендеу жолына бірге қадам басуы тиіс», деді. Президент Қазақстан мен ҚХР арасындағы стратегиялық серіктестіктің жаңа тиімді бағыттарын іздеу екі елдің «маңызды шешімдер қабылдайтын орталықтары» арасындағы іс-қимылдарды одан әрі нығайтуға, бірлескен конференциялар мен қолданбалы зерттеулер жүргізу тәжірибесін кеңейтуге септігін тигізетініне сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық белгілі тарихшы-шығыстанушы Клара Хафизованың Қытайдың қоғамдық ғылымдар академиясымен ынтымақтастығын өзара жемісті ықпалдастықтың айқын мысалы ретінде келтірді.
Дәріс аяқталғаннан кейін Мемлекет басшысы Қытайда оқып жатқан қазақстандық студенттермен әңгімелесіп, олармен бірге естелік суретке түсті.

Жауап Қалдырыңыз

Your email address will not be published.