Ultimate magazine theme for WordPress.

Облыс әкімдігінде көктемгі дала жұмыстары мен «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының орындалуы талқыланды

220

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен бейне-байланыс форматында өткен кеңесте бірқатар өзекті мәселелер талқыланды.

Басқосуда денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов аймақтағы коронавирустық инфекцияның жағдайы туралы баяндады. 19 мамырдағы жағдай бойынша Жамбыл облысында дерттің 208 жағдайы тіркелген. Оның ішінде Тараз қаласында – 95, Қордай ауданында — 45, Байзақ ауданында – 26. Стационарлық карантинде — 148, үй карантинінде – 1435 адам оқшауланған. Медициналық қызметкерлерді қолдау мақсатында бюджеттен 2585 медицина қызметкерлеріне 409 млн. теңге көлемінде үстеме ақы төленген.

Бұдан соң аудандар мен Тараз қаласының әкімдері «Жұмыспен қамтудың жол картасы» жобаларын іске асыру, көктемгі дала жұмыстарын орындалуы және тұрғындармен кері байланысты ұйымдастыру туралы есеп берді.

Жалпы, облыстағы қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Карантин режимінің жұмсартылуына байланысты шағын және орта бизнестер өз жұмыстарын жалғастыра бастады. Аудандарда ауылшаруашылық дақылдарын егу аяқталуда, пилоттық жоба аясында ауыл тұрғындарының кірісін арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Бүгінде жергілікті атқарушы органдар «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруды кірісіп үлгерді. Дегенмен жұмыс қарқыны ойдағыдай емес. Мәселен,

Шу ауданында бар-жоғы үш жоба ғана қолға алынған.

Бұл бағытта Қордай ауданында жұмыстар қызу атқарылуда. Құрылысы басталған 124 жоба бойынша 12450 жұмыс орны құрылған. Ал Байзақ ауданында 70 учаскеде жөндеу-құрылыс жұмыстары басталды десек, бүгінгі күні мұнда 915 жұмыс орны ашылыпты. Оның жартысы аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы жолдама алған ауыл тұрғындары.

— Жұмысты әу бастан дұрыс жүйеге келтіру керек. Жалпы, аймақта 128 жоба бойынша жұмыс әлі басталмаған. Уақыт өтіп жатыр. Жұмысты тездетіп, бірінші жартыжылдықта бөлінген қаражаттың басым бөлігін игеру қажет. Сонымен қатар, құрылыс-жөндеу жұмыстарының сапасын назарда ұстаған абзал, Бердібек Сапарбаев әкімдерді шақырды.

Сондай-ақ, аймақ басшысы ауылшаруашылық дақылдарының егістік алқабын кеңейтуді тапсырды. Атап айтқанда, Жуалы ауданында картоп плантацияларын көбейту керек. Осылайша, нарықта құны өскен бұл өнімнің бағасын төмендетуге мүмкіндік тумақ.

Сонымен қатар, аудан әкімдеріне ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруға бағытталған пилоттық жобаны белсенді түрде ілгерілету керектігі ескертілді. Талдау көрсеткендей, кейбір ауылдық округтерде бұл бағыттағы жұмыстар әлсіз атқарылуда.

Бұл ғана емес, жиында соңғы күндері азық-түлік тауарларының жекелеген түрлерінің бағасы қайтадан көтерілгендігі туралы айтылды. Басқосу барысында, елді мекендерді абаттандыру және санитарлық тазалауға да айрықша назар аударылды. Бұл тұрғыдағы шаралар тұрақты түрде жүргізілуі керектігіне көңіл бөлінді. Қалалар мен аудан орталықтары ғана емес, барлық елді мекендер таза болуы тиіс.

Әкімдердің тұрғындармен кері байланысты ұйымдастыру туралы, жергілікті атқарушы органдардың азаматтардың әлеуметтік желілердегі сын-ескертпелеріне, БАҚ-тағы сыни жарияланымдарына жауап беруге қатысты есептері қаралып, жан-жақты сараланды.

Жауап Қалдырыңыз

Your email address will not be published.