Мереке қарсаңында қос отбасыға көмек көрсетілді
1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін біледі.
Назарбаевтың елі үшін ерінбей еңбек етіп, 27 жыл ішінде жап-жас қазақ елін «Орда бұзар» деңгейге жеткізгенін әр қазақ мойындайды. Елді татулықтан, бірліктен бір елі ажыратпай, осы күнге дейін тәуелсіздіктің көк туын желбіретіп, бір құлатпай жүргенімізге де Елбасы себепкер.
Ел үшін елеулі мерекеге айналған бұл күнде ел көлемінде түрлі шаралар өтеді. Олардың арасында қайырымдылық жасауға бағытталғандары да аз емес. Мәселен, күні кеше Тұңғыш Президент күніне орай Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне бағынысты ЖД-158/2 мекемесінің қызметкерлері игі іске себепкер атанды.
Мекеме бастығы, әділет подполковник Ерлан Оразгелдиевтің бас болуымен, мекеме бастығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, әділет майоры Әміржан Дәулетқұловтың ұйымдастыруымен игі шара аясында мекеме қызметкерлері әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасына көмек көрсетті.
ҚАЖ саласы қызметкерлері жәрдемдескен жанұяда 5 бала бар. «Өз үйі – өлең төсегіне» қол жеткізе алмай жүрген отбасы тағы бір жанұямен бірлесіп өзге біреудің үй алдындағы кішкене сарайын жалдап тұрады екен.
5 баланың анасы денсаулығына байланысты жұмысқа жарамайтын болғандықтан балалардың да жағдайын жайлы етуге де шамасы болмай келеді.
Осының барлығын ескере отырып, түзеу мекемесінің атынан 2 отбасына да теңдей көлемде азық-түлік алынды.
Өз кезегінде жәрдем алған жанұялар жүрегі жылы азаматтарға алғысын білдіріп, ақжарма тілектерін жаудырды.