Ultimate magazine theme for WordPress.

Қызылша өсірушілерге қолдау жеткілікті

140

Қант қызылшасы былтыр облыс көлемінде 8 416, 5 гектар алқапқа егілген болса, оның 824, 5 гектары жарамсыздыққа ұшырап, қалған 7 592 гектарынан таза салмақта 192 883, 8 тонна өнім жиналып алынғаны белгілі. Барлығы 126 387, 4 тонна балтамыр өнімі қант зауыттарына өткерілген. Өңір диқандары осынау дақыл түрін егіп-өсіруге биыл да айрықша құлшыныс танытуда. Ағымдағы жылы аудандардың берген мәліметтері бойынша 8 700 гектар алқапқа қант қызылшасын орналастыру жоспарланған. Бұл дақыл ұрығы бүгінгі күнге дейін 1689 гектар аумаққа себіліп те қойылыпты.

Жалпы өңірдің қызылша өсірушілері бұл тұрғыда қолдау, көмектен де қағажу қалып отырған жоқ. Былтыр осындай мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде қант зауытына өнімдерін өткізген 211 шаруашылыққа жергілікті бюджет есебінен 1 кило қант қызылшасы үшін 12 теңгеден төленіп, барлығы 1,4 миллиард теңге көлемінде субсидия берілген екен. Сондай-ақ қант зауыты тарапынан бүгінгі күнге дейін 140 шаруашылыққа 280 миллион теңге сомасында қызылша ақысы төленіпті. Алайда тұрақты түрде мониторингілеу жүргізілу барысында қант зауыты тарапынан төлемақы төленілуі уақытша тоқтатылғаны белгілі болды. Осыған байланысты биылғы ақпан айының соңы мен наурыз айының басында Меркі қант зауытының басшыларымен бірнеше мәрте кездесулер өткен. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің өзі тікелей бұл мәселе бойынша зауыт өкілдерімен жүздесіп, олар алдын ала жасалған келісімге сәйкес ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер алдындағы барлық қарыздарын биылғы сәуір айының соңына дейін өтеу жөнінде міндеттенген-ді.
Өткен аптада осы мәселеге орай Меркі ауданында өңірдегі қызылша өсіруші агроқұрылымдар басшыларының қатысуымен арнайы жиын өтіп, онда зауыт басшылығы мамыр айы басталғанға дейін қарыздарлық сомасын толық өтейтіндіктерін, сондай-ақ қызылшаның сатып алу бағасын 2 теңгеге көтеру жөніндегі ұсыныстардың шешілуі ықтималдығын мәлімдеген болатын.
Алдыңғы күні облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының мәжіліс залында осы орайда айтылған бірқатар ұсыныстардың қорытынды нәтижелері қаралып, талқыланды. Өңірдегі қант қызылшасын өсіретін шаруашылықтар жетекшілерінің қатысуымен өткен жиынды облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев ашып, жүргізіп отырды.
Онда «Меркі қант зауыты» ЖШС кеңесінің төрағасы Тимур Мұратов сөз алып, шаруалардың түйткілді мәселелері оң шешімін табуына өздерінің де мүдделі екендіктерін, олардың ұсыныстары бойынша қызылшаның сатып алу бағасын 2 теңгеге көтергендерін, яғни өткізілген балтамыр өнімінің килосын ендігі жерде 10 теңгеден сатып алатындарын жеткізді. Алайда кәсіпорынның берешектерін толықтай өтеу мерзімін ағымдағы жылдың 1 маусымына дейін созуға мәжбүр екендіктерін де жасырмады. Басқосу барысында Тараз қаласында қызылша қабылдау пунктін ашу мәселесі де шешімін тапты. Оған жұмсалатын шығындарды зауыт толықтай өз мойнына алып отыр.
Бұл аграршылар тарапынан да қолдауға ие болды. Алайда Қордай және Шу аудандарындағы шаруа қожалықтарының өкілдері алыстан қант қызылшасы өнімдерін Меркі ауданына жеткізуге едәуір уақыт және шығын жұмсайтындықтарын айтып, алаңдаушылық білдірді. Атап айтқанда, «Қызылша» ЖШС-ның өкілдері Т.Мұратовқа Шу қаласында да қабылдау пунктін ашу жөніндегі өтінішпен қайырылды.
Табан ақы, маңдай терлерімен өндірген өнімдеріне зауыт тарапынан әлі күнге ақы төленбегеніне байланысты көптеген шаруашылықтардың қаржы органдарымен соттасуға, есепшоттарының тұтқындалуына әкеліп соқтырған өз қарыздары да қордалана түскен. Еске сала кетейік, биылғы жылы қызылша өсіретін шаруашылықтар үшін облыстық әкімдіктің қолдауымен «Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы 500 миллион теңге көлемінде несие қаражаты қарастырылуда екен.
– Корпорация алдында облысымыздың 254 шаруашылығының 285 миллион теңге көлемінде қарызы бар. Әлбетте, бұл қарыздың орны биыл жабылмаса, келесі жылы ұрық сатып ала алмай қалуымыз бек мүмкін, – деді аталған корпорацияның қаржы жөніндегі директоры Нұрсұлтан Жүнісқадыров.
– Зауыт басшылығы – өнім өндірушілеріне берешектерінен, ал шаруалар – «Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ алдындағы былтырғы жылғы алған тұқымы үшін қарыздарынан толық құтылуға тиіс. Қарыз үстіне қарыз жамай беруге болмайды. Бүгінде егіс алқаптарында қызу жұмыс басталды. Ал науқан ырғалып-жырғалуды күтпейді. Қызылша тасымалдауға байланысты көлік жалдау шығынын жабу үшін өнімнің әр килосына 2 теңге көлемінде қосымша ақы қосу жайы айтылуда. Бұл шаруалардың өнімдерін Меркіге тасымалдап жеткізуіне де мүмкіндік береді. Тағы бір айта кетерлік жай, жыл сайын егіс жұмыстары наурыз айынан басталатынын ескерсек, қарыз сомасының қайтарылуының 120 күнге белгіленуі тым ұзақтау емес пе? Олай болса, зауыт шаруаларға тиесілі ақыларын екі кезеңде 60 күн сайын бөліп төлегені жөн, – деді осы тұрғыда облыстық фермерлер одағының төрағасы Жигули Дайрабаев.
Зауыт басшысы келісімшартта белгіленгеніндей, қызылша өсірушілерге әр 60 күнде 50 пайыз көлемінде төлемақы төлеудің өздері үшін де тиімді болатынын атап өтті. Ал облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Б.Нығмашев қызылша өнімдерінің бір ғана зауытқа жеткізілуі басқа өңірлердегідей кезек көбейіп кетуіне әкеліп соқтыратынын, сондықтан екі зауытқа да бірдей тасымалдаудың қажеттігін, ал қызылша қабылдау пункттерін салу жайы әлі де пысықтала түсетінін алға тартты.
Мұратхан Шүкеев өңіріміздегі қызылша егумен айналысатын ұсақ шаруашылықтардың көліктері болмауы себепті өндірген өнімдерін зауытқа өз беттерінше жеткізе алмайтынын, өнімнің ауқымды бөлігі жиналмаса, оған вагон жалдаудың да артық шығынға жол беретінін, сондықтан қабылдау пункттерін қай жерде ашу керектігін және бір пысықтап алудың артық болмайтынына тоқталып: «Мәселелер сөз жоқ, нақтылы шешімін табатын болады. Ең бастысы, егіс жұмыстарында селкеулік тумасын, «Көктемнің бір күні – жылға азық» екенін әсте естен шығармаңыздар», – деп түйді сөзін. Жиында ауыл шаруашылығы басқармасының басшысына ұрық үшін биыл бөлінетін несиені алуға қаншалықты лайықты екендігі, қарыздарлығы бар-жоқтығы жөнінде әрбір шаруашылық бойынша зерделеу ісін жүргізу тапсырылды.
Қызылша өсіруші фермерлер де «Рас, бізге облыстық әкімдік тарапынан көп көмек көрсетілуде. Ал қант зауытының өткерген өнімдеріміз төлемақысының жартысын төлеп, жартысын күзге қалдырса, бұл да науқандық жұмыстарда ешқандай іркіліс болмауына септесер еді. Бәріміздің де ойымыз осы», десті бірауыздан.
Жиын соңында «Меркі қант зауыты» ЖШС-ның басшылығы мен облыс әкімдігі арасында зауыттың облыс аграршылары алдындағы міндеттемесін орындау мерзімі көрсетілуімен түзілген меморандумға қол қойылды.

Баймаханбет АХМЕТ

Жауап Қалдырыңыз

Your email address will not be published.