Қасиетті Рамазан айы басталды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат — Бүгін Ислам әлемі үшін қасиетті, берекеге толы, он екі айдың сұлтаны саналатын Рамазан айы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ораза 6 мамырдан 5 маусымға дейін жалғасады.
«6 мамыр — Рамазан айының бірінші күні. Биыл 30 күн ауыз бекітеміз. Қасиетті Қадір түні — 31 мамырдан 1 маусымға қараған түн. Ал 5 маусым — ораза айттың бірінші күні. Рамазан айының басталуын нақты анықтау шариғи үкімдер мен астрономиялық есептер негізінде жүзеге асады. Алғашқы кезеңде мұсылмандар жаңа туған айды көзбен көретін», — деп жазған еді А. Қонарбайұлы өзінің Фейсбук парақшасында.
Ораза тұту — игі мұсылман қауымының бес парызының бірі. Жалпы «ораза» сөзінің мағынасы — бір нәрседен алыстау, белгілі бір уақыт аралығында ішіп-жеуден, нәпсі қалауларынан тыйылу дегенді білдіреді.
Оразаға ниет: «Алла Тағаланың разылығы үшін таңнан күн батқанға дейін мүбәрак Рамазан айының оразасын ұстауға ниет еттім».
Ауызашар дұғасы: «Жаратқан Ием! Сенің разылығың үшін ораза ұстадым, Саған иман келтірдім, Саған тәуекел еттім, Сен берген ризық-несібеңмен ауыз аштым. Уа, кешірімді Алла! Менің алдыңғы және соңғы күнә-кемшіліктерімді кешіре гөр!»
Жамағат назарына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мәліметтері негізінде Ораза айында мән берер мәліметтерді ұсынамыз:
— Пiтiр-садақаны Рамазан айының басынан Айт намазына дейiн беруге болады. Еліміз бойынша әр адамға 300 теңге.
— Пітір-садақадан түскен қаражат есебінен мүгедектер мен қарттарға, жесір әйелдер мен жетімдерге, әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетіледі.
— Жүкті, омырауда баласы бар немесе хайыз, нифас кезіндегі әйелдерге, жолаушыларға, науқас жандарға ораза ұстау — парыз емес.
— Сапарда жүргендерге ораза ұстамауға болады. Бірақ басқа күндерде санын толтырып, ауыз бекітеді. Егер сапар қиындық туғызбаса, абзалы — ауыз бекіту.
Биылғы Рамазан айында берілетін пітір-садақаның көлемін мына сілтемеден көруге болады.