Ultimate magazine theme for WordPress.

Қалпына келтіру ісі Кестеге сай жүргізілуде

171

Бүгінде Арыс қаласы алып құрылыс алаңына айналған. Қалпына келтіру жұмыстары екі ауысыммен жүргізілуде. Күнделікті құрылысқа қажетті материалдар да уақтылы жеткізіліп, мұндағы іс бір сәтке де саябырсыған емес. Жамбыл облысына тиесілі аумақтағы құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын.
Арыс қаласындағы төтенше жағдайдың зардаптарын жою жөніндегі облыстық штабтың мәліметтеріне қарағанда, қазіргі уақытта жамбылдық құрылысшыларға тиесілі бөлігінде 312 тұрғын үйдің 298-і қалпына келтірілген. Жаңадан салынған тұрғын үйлердің қабырғалары тұрғызылып, сыртқы сылақ жұмыстары жүргізілуде. Ендігі кезекте қалған тірлік – шатырын жабу ғана.
Бүгінгі күнге дейін мұнда өңіріміздің 500-ге жуық құрылысшысы жұмыс істеген болса, қазір олардың 220-сы жұмыстарын аяқтауда. Жалпы олар құрылыс жұмыстарында кестеден қалып қоймай, өздерінің еншісіне тиген нысандарды белгіленген уақытта пайдалануға тапсырып отырды. Бастапқыда жоспарланғандай, қалған нысандар тамыздың 25-інде толықтай арыстықтардың игілігіне берілмек.
Арыс қаласының Құрметті азаматы, Кенбаев көшесінің тұрғыны Төлебай Ысқақбайдың баспанасын жөндеп бергені үшін жамбылдықтарға айтар алғысы шексіз.
– Бақытсыздыққа тап болған сәтте ең алдымен көмекке ағайындар келеді емес пе? Осынау апат орын алған кезде бізге бірінші болып жамбылдықтар, жақын көршілеріміз көмек қолын созды. Мұны барлық Арыс халқы жақсы біледі. Менің үйім де осы аумақта орналасқан. Алғашқылар қатарында ретке де келтірілді. Жамбылдық құрылысшылардың еңбегі айрықша атап өтерліктей, – дейді ол.
Арыс қаласына біздің өңіріміз көп көмек көрсетуде. Бұл істен облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттардың депутаттары да шет қалмады. Олардың ұйымдастыруымен түрлі компаниялар мен кәсіпорындар тарапынан бүгінгі күнге дейін 197 миллион 584 мың теңге жиналып, зардап шегушілер атына аударым жасалыпты. Халық қалаулыларының ендігі бір тобы көп балалы және аз қамтылған отбасыларына өз есептерінен 7 миллион 598 мың теңге жинап берген. Бұл қайырымды іске облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов, «Қазфосфат» ЖШС-ның бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров, «Мейірім» медициналық орталығының директоры, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Гүлдара Нұрымова, «Марк компаниясы» ЖШС директоры Никон Ким, «Зылиха» шаруа қожалығының жетекшісі Керімқұл Бегалиев және басқа да азаматтар өз үлестерін қосты.
Арыс қаласын қалпына келтіру ісі одан әрі жалғасуда.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Арыс қаласы.

Жауап Қалдырыңыз

Your email address will not be published.