Ultimate magazine theme for WordPress.

Темір жол өткелдері күзетілмей ме, әлде жүргізуші тәртібі төмен бе?

166

«ақсеңгір-шамалған» темір жол өткеліндегі қайғылы оқиғадан кейінгі ой

Ағымдағы жылы 15 қыркүйекте кешкісін «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ – Жүк тасымалы Алматы бөлімшесіне қарасты Шамалған станциясы аумағында пойыз темір жол өткелінде тұрған автобуспен соқтығысты. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, жолаушылар автобусы пойыз келе жатқанда темір жолдың үстінде тұрған. Машинист дабыл бергенімен, автобус орнынан қозғалған жоқ. Әлеуметтік желіде тараған видеоға қарағанда, темір жол өткелі маңында көлік кептелісі болған. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысындағы осы қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтып, тергеу жұмыстары басталғанын жеткізді.

Жалпы, мұндай оқиғалар елімізде соңғы жылдары көп қайталануда. Темір жол өткелдерінде көлік кептелісін реттеудің де кезі келген секілді. Өйткені бұрындары өткелдердің біразы күзетілетін. Ол жоғарыдағыдай қайғылы оқиғаның алдын алуға көп себеп еді. «Мұндағы тағы бір мәселе – ол қоғамдық және жеке көлік жүргізушілердің көлік жүргізу тәртібі мен мәдениетінің төмендігі» дейді мамандар.
Бүгінгі күні «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ филиалы – Жүк тасымалы – Жамбыл бөлімшесі мен Жамбыл магистральды желі бөлімшесіне қарасты өңірде 74 темір жол өткелі бар. Оның 27-сі ғана күзетіледі. Бұрынғыдай біраз өткелдердегі шлагбаумдар алынып тасталған. Яғни автоматты түрде басқару жоқ.
– Жоғарыда атап өткен өткелдердің қатарында «Бурыл-Жаңатас» және «Жамбыл-Шу» теліміндегі темір жол өткелдері күзетілмейді. Күзетпен тек облыс орталығындағы екі-үш өткел ғана қамтылған. Олар өткел күзетушісі-кезекші және «Әскериленген темір жол күзеті» АҚ Жамбыл филиалының сарбаздарымен қадағаланады. Тараз қаласында көлік жүргізушілері үшін үлкен мәселе тудырып отырған «Қаратау өткелі», 5 шақырым – «Ауыл-Береке» базары мен 11 шақырым Асқаров көшесінің соңындағы орталық базарға баратын өткелдер мен облыс орталығының іргесіндегі Жамбыл ауданының орталығы – Аса ауылындағы өткелде күзет жоқ. Сондай-ақ 28 шақырымдағы «Жамбыл-Талас» бағытындағы өткел мен Қант зауытына баратын өткел күзетіледі. Бұл өткелдердегі үлкен мәселе – ол адами фактор. Жаяу жүргіншілер көп. Сол жағында ескеріп отырмыз. Ал осы мәселе бойынша «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшылығы мен Жамбыл облысының әкімдігіне бірнеше рет хат түсірдік, – дейді Жамбыл магистральды желі бөлімшесі жол бөлімінің басшысы Ермек Мұсабеков.
Біз жоғарыда сөз еткен мәселе бойынша көлік жүргізушілердің тәртібі мен мәдениеті де мәселеге айналған. Жамбыл жол дистанциясының бас инженері Ғалымбек Батырбеков аймақтағы темір жол өткелдерінде көлік жүргізушілері негізінен жол белгілерін ескере бермейтіндігін алға тартады. Біз жоғарыда сөз еткен «Ақсеңгір-Шамалған» темір жол өткелінде пойыздың автобуспен соқтығысуына осы фактор себеп болып отыр екен. Автобус жүргізушісі бағдаршамды елемей темір жол өткеліне шығып кеткен. Егер де жүргізуші жол ережесін сақтағанда қайғылы оқиға орын алмайтын еді дейді мамандар.
– Тура осындай жағдай 2013 жылы бізде де орын алды. Ол жолы жедел жәрдем көлігі асығамын деп телімнің бойына шығып кетіп, пойызбен соқтығысты. Бұл жерде көлемді шығын болат жолдың бойындағы қозғалысқа келіп отыр. Бір құрамда кемі жеті-сегіз вагон болса, ұлттық компания әжептәуір шығын көреді. Қозғалыс қауіпсіздігін ескеруде жүргізушілердің асығыстығы және жол белгілерін елей бермеуі осындай келеңсіздіктерге алып келеді. Өткен жылы ғана Жүк тасымалы – Жамбыл бөлімшесінің директоры Берік Ақшаловтың бастамасымен Жергілікті жол патрульдік полициясының қызметкерлері күз айларында бірнеше рет рейд өткізді. Сол жолы біз сөз еткен «Қаратау өткелі», 5 шақырым «Ауыл-Береке» базары мен Асқаров көшесінің соңындағы 11 шақырымдағы өткелдерде жүргізушілерге жол ережесін бұзғаны үшін бірнеше хаттама толтырылды.
Биыл біздің бөлімшеде көлік пен пойыздың соғысу оқиғасы орын алған жоқ. Ал біздің тарапымыздан темір жол өткелдерінде темір жолдың қауіпті аймақ екендігі жөнінде арнайы баннерлер ілініп, жергілікті БАҚ беттерінде хабарландырулар беріліп отыр. Дегенмен Жергілікті полицияның жол-патрульдік қызметі арқылы бірлесе жұмыс жүргізе береміз, – дейді Жамбыл жол дистанциясының бас инженері Ғалымбек Батырбеков.

Ерман Әбдиев

Жауап Қалдырыңыз

Your email address will not be published.