Облысқа ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы жұмыс сапарымен келді
Жамбыл облысына Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Болат Төкежанов бастаған делегация жұмыс сапарымен келіп №4, №2 қалалық емханаларын аралап, олардың инфрақұрылымдарымен, медициналық ұйымдардың жұмысымен, материалдық-техникалық жарақтануымен танысты, – деп хабарлайды “ZhambylNews” Ақпараттық Агенттігі.
Болат Тұрғанұлы медицина ұйымдарын аралау барысында облыстық онкологиялық диспансердің құрылысымен де танысып қайтты. 200 төсектік онкологиялық диспансердің құрылысына республикалық бюджеттен 250,0 млн. теңге, жергілікті бюджеттен 4,5 млн. теңге қарастырылып игерілуде, іске асырылу мерзімі – 2018-2020 жылдар. Бас мердігер «Тур-Ахмет и Компания» ЖШС.
Жұмыс сапары соңында, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы төрағалығымен аймақтың денсаулық сақтау саласы қызметкерлерімен кеңес отырысы өтті. Онда Қазақстан Республикасының 2020-2025 жылдарға арналған денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының жобасы туралы, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің жаңа редакциясымен таныстырылды, сондай-ақ, Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша жалақының өсуіне қатысты түсініктемелер берілді.