Тапшылықты тамшылатып суару арқылы еңсеруде
Биыл аудан диқандары қант қызылшасын 610 гектар алқапқа өсіріп отыр. Ерекше күтім жасалуының арқасында өсімтал дақыл тамыр байлап та үлгерген. Шығымы жақсы, өнімі де мол болатын түрі бар. Содан болар, диқанның да, басшының да көңілдері тоқ. Енді олар егістікті ағын судан тарықтырмау жайын ойластыруда.
«Қызыл диқан» өндірістік кооперативінің төрағасы Нуриддин Бегмановты алқап басында жолықтырып, сөзге тартқан едік.
– «Жеті күн жауған жауыннан, желіп өткен су артық» демекші, жалпы ағын суды қанып ішкен кез келген дақыл мол өнім беретіні сөзсіз. Тек уақтылы күтімін жасай білсең болғаны. Егістік жүйесіне тамшылатып суару технологиясын да біртіндеп енгізудеміз. Дегенмен судан тапшылық көретін кездеріміз де жоқ емес. Балтамыр биыл да бір тегіс өніп шыққанымен, су жетпеуінен кейбір алқаптың сарғайыңқы тартқандары да бар. Қызылша қазығы басталғанға дейін оларды екі-үш қайтара суарудан өткізіп үлгеруіміз керек. Бұл мол өнім алуымызға септеседі деген ойдамыз. Ал қазір балтамырдың бір түбі шамамен 1,5-2 келі тартуда, – деді ол.
Оның сөзінің жаны бар. Ағын су мәселесі қазір де басы ашық мәселе күйінде қалып тұр. Осыған байланысты ауданда тоғандардың табаны аршылып, су жинайтын бөгеттер салынып жатыр. Осы ретте бізді ауылға кіреберісте орналасқан 20 гектар алқаптағы тәтті түбір өскінінің жайқала өсіп тұрғаны назар аудартты. Сөйтсек, мұнда тамшылатып суару жүйесі қолданылады екен. Осы аумақтағы 10 гектар қызылшалық та бұлақ суынан нәр алуда. Бұл ауданда егістік алқаптарын ылғалдандырудың қосымша көздері іске асырылуда деген сөз.
Қысқасы, өткен жылы 100 гектарға қызылша егіп, мол өнім жинаған қызылдиқандықтардың биылғы межесі де жоғары.
Дүйсенбек ОРМАНОВ,
журналист.
Жамбыл ауданы.