Жизақ төрінде қазақтың әні әуелеп, күйі күмбірледі
облысымыздың өнер шеберлері Өзбекстанның Жизақ облысының бірнеше ауданын аралап, өнерлерін ортаға салды. Осылайша олар мәдени қарым-қатынас достықтың алтын діңгегі екенін айғақтады.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылдың қыркүйегінде Өзбекстан Республикасына жасаған мемлекеттік сапары барысында екі елдің ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан мәдени байланысын нығайту қажеттігін айтқан еді. Облыс әкімдігінің қолдауымен өңірдің өнер шеберлері «Жамбылдан Жизаққа тарту» атты мәдени іс-шарасын Жизақ облысының Мырзашөл ауданынан бастады. Бауырлас облыстардың бір-бірімен араласып, өнерлерін көрсетуі, табыстарымен танысуы дәстүрге айналған. Сондықтан да жамбылдық өнер шеберлерін жизахтықтар қуана қарсы алды.
Мырзашөлде қандастарымыз өте көп. Аталған ауданның қазақтар шоғырланған Гагарин ауылындағы өзбек-қазақ мәдениет орталығындағы іс-шара емен-жарқын көңіл-күймен басталды. Жизақ облысы мәдениет басқармасының басшысы Камол Фахрадов келген қонақтарды жылы қабылдап, ыстық лебізін білдірді.
Өз кезегінде облысымыздың өнер шеберлерінен жасақталған достық делегациясын бастап барған облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев пен туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова іс-шараның маңыздылығына тоқталып, екі ел арасындағы достық қарым-қатынас болашаққа салынған алтын көпір екендігін, жастарды рухтандырып, Отанына деген сүйіспеншіліктерін еселеп арттыратындығын айтты.
Жамбылдықтар жиналған қауымға өз өнерлерін тарту етті. Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның «Алатау» фольклорлық ансамблі Аман Малдыбаевтың «Көне Тараз», Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйлерін орындаса, Д.Басықараев пен Д.Байзілдаев күй тартысымен өзбек бауырларды тәнті етті. Мәдениет саласының үздіктері О.Азаматова, Ж.Омаров, Д.Диханбаева халық және жамбылдық композиторлардың әндерін нақышына келтіре шырқаса, Сарысу аудандық «Айжан қыз» халықтық би ансамблі мың бұрала би биледі.
Жуалы аудандық халық театры Бақыт Беделханның «Тағдыр тақтасы» атты қазақ өнерінің корифейі Асанәлі Әшімовтің өмірінен сыр шертетін поэтикалық драмасын ұсынды. Көрермендер жуалылықтардың сахна төріндегі өнерлері үшін риза болысты. Өнерпаздарымыз жизахтықтарға шеберлік сағаттарын өткізгеннен кейін өзара тәжірибе алмасты.
Шара соңында Мырзашөл ауданының табиғат тамашалары мен тарихи ескерткіштерін аралап көрдік. Осы өңірдегі қандас бауырлармен кездескенде көнекөз қариялар жатсынбай араласып тұру қажеттілігі туралы айтып, алғыстарын жеткізді.
Сондай-ақ Жизақ облысы бойынша қазақ мәдени орталығының төрағасы Өтеп Сейдамановқа облыс атынан сый-сияпат табыс етілді.
Облыстық кино орталығы Ташкент қаласында «Жаужүрек мың бала», «Біздің қаланың ханзадасы» атты көркем және «Мұзбалақ» анимациялық фильмдерін көрсеткен кезде де жұрт ризашылықтарын білдіріп жатты.
Гагарин ауылында болған кездесулерден, өзбекстандықтардың ыстық ықыласынан кейін Фарыш ауданында жамбылдықтар ән мен биден шашу шашты. Бауырлас халықтың өнерпаздары да өз өнерлерін ортаға салды. Олар ұлттық аспаптарда ойнаса, мың бұрала билеген арулар дәм ұсынды. Сонымен бірге олар өзбек халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпынан сыр шертетін туындыларымен таныстырды.
Көрермендердің жамбылдық өнер иелерінің талантына риза болып, қосыла ән шырқап, қол соғып, демеп отырғаны жанға медеу. Барша қазақ халқының мәдениетімен, өнерімен таныстырған өнер иелері халық әндерін әуелете шырқап, тыңдаушыларының шексіз алғысына, көзайымына айналды. Өз кезегінде Фарыш әншілері де ән шырқап, жамбылдықтармен бірге достық биін бірге биледі.
Сапар соңында Жизақ облыстық музыкалық драма театрында өткен гала концерт ерекше тартымды болды. Алдын ала келісілген бағдарламаға сәйкес жамбылдық өнер иелерінің гала концерті Жизақ облыстық музыкалық драма театрында өтті.
Концерт басталар алдында сахнаға облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев пен Жизақ облысы әкімінің орынбасары Азизбек Эгамбердиев, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Камол Фахродов көтеріліп, ыстық лебіздерін білдірді. Олар бауырлас екі ел арасындағы жүзеге асып жатқан игі іс-шаралар ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан мәдени байланысты одан әрі нығайта түсетініне сенім білдіре отырып, жамбылдық делегацияға естелік сыйлықтарды тарту етті. Ал жамбылдықтар осы бір ықылас пен ыстық ниетке толы күндерден естелік ретінде облыс әкімдігінің атынан өңіріміздің Жамбылдың бейнесі өрнектелген кілемше және «Көне-Тараз» картинасын табыс етті.
Облысымыздан барған К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармонияның «Алатау» фольклорлық ансамблі мен Сарысу аудандық «Айжан қыз» халықтық би ансамблі Жизақ жұртшылығына жамбылдық және ел композиторларының күйлері мен әндерін ұсынса, айтыскер ақын Дидар Басықараев бауырлас өзбек еліне қазақ халқының ыстық ықыласын арнаумен жеткізіп, көрермендерді серпілтіп тастады. Облыстық филармонияның әншісі, Мәдениет саласының үздігі Оңал Азаматова өзбек халқының танымал «Кетма» әнін шырқап, көпшіліктің құрметіне бөленді.
Келесі күні Қазақстан делегациясы Жизақ облысының тарихи-мәдени орындарын тамашалап, Орталық Азиядағы ең ірі және көне шаһар әрі Жібек жолы бойында тұрған, ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне енген Самарқанд қаласындағы тарихи орындармен танысты.
Эльмира ДҮТБАЕВА,
облыстық халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі.
Тараз–Жизақ–Тараз.