Шат тыққа бөленген шаңырақ иесі
Каменка ауылындағы Әлілер отбасы биылғы облыстық «Мерейлі отбасы» байқауында бас жүлдені иеленіп, республикалық байқауға жолдама алды. Отбасының иесі Бекқұлы Әліұлы елге белгілі азамат. Құдай қосқан қосағы Тұрсынкүл Жазықбаймен екі қыз, бес ұл тәрбиелеп өсіріп, олардан 28 немере, 4 шөбере өрбіткен береке қонған, шаттыққа бөленген шаңырақ. Отбасының басты ұстанымы – ұлттық салт-дәстүрді насихаттау. Бір қыз бен бес ұлын асармен баспаналы еткен. Биыл тағы бір қызын үймен қамтамасыз етуді қолға алыпты.
Мерейлі отбасы мүшелері «Парыз» қоғамдық бірлестігінің құрамында Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жамбылдық жауынгерлердің «Боздақтар» естелік кітабының тізімін жасаса, отағасы облыстағы Қорғаныс істері жөніндегі барлық бөлімдерге барып, жауынгерлердің «қаза тапты» деген деректерінің көшірмелерін дайындап, Ресейдің 13 облысының әскери комиссариаттарына жіберіп отырады.
Осынау сауапты істі Бекең бұрынырақ, сонау 1981 жылы бастаса керек. Мектепте қызыл ізшілер тобын құрып, 1941 жылы Брест қамалында соғысқан жамбылдық жауынгерлерді іздеу, деректерін анықтау жұмыстарын қолға алады. 120 жауынгердің 80-інің мекенін, тағдырын анықтап, ұрпақтарын, туыстарын тапқан. 2016 жылы 6 жауынгерімізді Брест мұражайы «Қамал қорғаушы» деп таныпты. Жамбылдық жауынгерлердің деректері «Брест қамалы 1941 Қазақстан» кітабына енді. Б.Әліұлы 2013 жылы өз қаржысымен Ресейдің соғыс өрті шарпыған бірқатар ірі қалаларына жасаған сапарында 245 жауынгердің есімдері ескерткіштеріне жазылуына қол жеткізген.
2014 жылы «Парыз» қоғамдық бірлестігін құрып, облыстық ішкі саясат басқармасынан тапсырыс алып, Тверь, Псков, Курск, Орел облыстық әскери комиссариаттарына жіберген деректері негізінде 126 жауынгердің есімдері қайта жаңғырған. «Майдангерлер даңқы жолымен» Волоколамск – Зубцовск – Ржев – Великие Луки – Невель – Смоленск – Орел – Курск сапары нәтижесінде 195 жауынгер ұлықталды. Осы сапарда 61 жылдан кейін Кеңес Одағының Батыры Амантай Дәулетбековтің жерленген орнын тауып, Псковтан даңқты сұр мерген Ыбырайым Сүлейменов туралы құнды мәліметтер әкелген. 2016 жылы Смоленск, Брянск, Белгород, Воронеж, Калуга, Тула облыстарына жіберілген деректер нәтижесінде 174 жауынгердің ерен ерліктері нақтыланып, ерлер рухына тағзым етілген.
«Парыз» қоғамдық бірлестігі 2014-2018 жылдары Петерборда, Ресейдің 13 облысы: Ленинград, Новгород, Тверь, Псков, Сталинград, Смоленск, Орел, Курск, Белгород, Брянск, Воронеж, Калуга, Тула облыстарында 740 жамбылдық жауынгер ұлықтанды, Брест қорғанына қатысқан 123 жауынгердің дерегі нақтыланды. Барлығы 868 жауынгеріміздің есімін елімізге, ұрпақтарына қауыштырды.
Кейінгі әр жылдардағы жорық жолдары өткен өңірлерге жасаған сапарлары барысында қысқа метражды «Мясной Бор», «Тағзым», «Қамал қорғаушылар», «Сталинград шайқасына – 75 жыл» атты деректі фильмдер түсіріп, «Мир», «Жамбыл» телеарналарынан көрсетілді.
Алматыдағы «Ленинград қорғанысындағы қазақстандықтар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға Тәуелсіз мемлекеттер достастығы іздеушілерінің «Курск», «V Москва» форумына қатысқан азамат, қазақ елінің әр өңірінде өтіп жататын мұндай ауқымды шаралардың бел ортасында жүреді. Брест қорғанының 75 жылдығына қамал мұражайының шақыруымен қамал қорғаушыларының 10 ұрпағын бастап, Минск–Брест сапарына да барып қайтты.
Сталинград шайқасында соғысқан қазақстандық 9 әскери құрама жауынгерлеріне арнап «Мамай қорғанында» үкіметіміз орнатқан ескерткіш белгінің ашылу салтанатында қасиетті қазақ жерінің топырағы салынған құтының қойылуы рәсіміне қатысып, Сталинград шайқасында қаза тапқан 1075 жауынгердің дерегін тапсырыпты. 38 жылғы іздеу, деректеу еңбегі үшін алты медаль, 15 грамота және дипломмен марапатталған.
Биыл Белоруссияны азат етуде қаза тапқан жамбылдық жауынгерлерді деректеуге облыстық ішкі саясат басқармасынан тапсырыс алып, сауапты істі жалғастыруда. Кеңес Одағының Батыры, шулық Саттар Естемесовтің 100 жылдығына орай 76 жылдан бері табылмай жатқан жерленген орнын немесе хабарсыз кеткен жерін іздестіру, деректеу жүргізуде.
Бекқұлы Әліұлы сұм соғыстың жабулы қалған деректерін анықтаумен ғана айналыспай туған мекеннің тылсым дүниесіне де ден қойып жүрген өлкетанушы. Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» дүниесінен кейін оның туған жер таңғажайыптарына деген құштарлығы одан сайын арта түсті.
– Кіші жүз (Жанарыстың) оныншы ұрпағы Адай Қыдырқожаұлы батырдың балалары Құдайке мен Келінберді Қазақ хандығының құрылуына, қорғауына еңбегі сіңген тарихи тұлғалар. Ел аузындағы деректер бойынша Құдайке шайбанидтермен соғыста қаза тауып қазіргі Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, Жаңатұрмыс ауылы, Мөңке даласында жерленіпті. Кейін Адай келіндеріне де топырақ осы жерден бұйырған. Үшеуінің жерленген орнында табиғи тастан жасалынған ескерткіш белгі бар. Онда садақ, жебе таңбасы бейнеленген.
«Жер-су аты – тарихтың хаты» демекші, Луговой–Меркі аралығындағы Луговой–Бішкек темір жолының солтүстігінде Мөңке даласы Қазақ ауылының солтүстік шығысында Мөңке өзені, «Мөңке төрткүлі» бар. Ел аузындағы дерек бойынша Мөңке батырдың жерленген орнынан жас ер адам бейнеленген балбал тасты археолог ғалымдар өте құнды классикалық түркілік мәдени жәдігер деп таныды.
«Ақыртас» кешенінің оңтүстігінен Кіші жүздің он екінші ұрпағы «Мұңал әулие» бұлағында «Тас ошағы» табылған. Мұңалдың бәйбішесі Мақпал атымен аталатын тау бар. Аталған тарихи орындарды, жәдігерлерді Алматыдағы Археология институтының археологі, профессор Арнабай Нұржанов пен таңба тастағы суреттерді зерттеуші ғалым Алексей Роговец тексеріп, жақында ғылыми зерттеуді бастайтындарын жеткізді. Мөңкенің басына қойылған ескерткіш белгінің (сынтастың) елімізде екінші рет табылған, өте сирек кездесетін құнды жәдігер екенін айтып зор ризашылықтарын білдірді, – дейді Б.Әліұлы.
Облыста «Мерейлі отбасы» атанған шаңырақтың отағасы толдым, болдым деп отырған жоқ. Алда арман да, мақсат та көп. Әлі де соғыс салған зобалаң туралы бүгіп жатқан құпия қаншама. Туған өңірдің аршылмай жатқан тарихы…
Амангелді ӘБІЛ
Т.Рысқұлов ауданы.