Маман тапшылығын болдырмау – маңызды міндет
Nur Otan партиясының облыстық филиалы жанындағы сайлауалды бағдарламаны іске асыру жөніндегі «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша комиссияның отырысында емдеу мекемелерін қажетті құрал-жабдықтармен қамту жайы талқыға салынды. Жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов есеп беріп, күн тәртібіндегі мәселемен қатар, кадр тапшылығын жою бағытында қолға алынған шараларға тоқталды.
Жалпы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша медицина мекемелерінің қажетті құралдармен жабдықталу деңгейі облыста 74,31 пайызды құрап отыр. Былтыр осы мақсатта бюджеттен 2,3 миллиард теңге қаралып, 900-ден аса жабдық сатып алынған екен. Биыл 300-ден аса медициналық құрылғыға 1,7 миллиард теңге қаражат жұмсалыпты. Ал алдағы екі жылда 1,1 миллиард теңгеден асатын сомаға 321 бірлік құрал-жабдық алу жоспарланған.
Осылайша енді екі жылда Мемлекет басшысының жергілікті жерлердегі емханаларды 100 пайыз медициналық құрал-жабдықтармен қамту тапсырмасын орындау көзделуде. Әзірге, алғашқы жартыжылдықтың нәтижесі бойынша біздің өңіріміз медициналық техниканың қолжетімділігі жағынан республикада 7-орынға тұрақтап тұр. Дегенмен 2,43 пайызға өсу тенденциясы байқалады. Мәселен, 2018 жылы бұл көрсеткіш 71,88 пайыз болса, қазіргі меже – 74,31 пайыз.
Медициналық қызметтің сапасына кадр тапшылығы тікелей әсер ететіні анық. Биыл өңірдегі емдеу мекемелерінің тапсырысы бойынша 322 бос орын жарияланып отыр екен. Сұраныс беру арқылы республикадан 185 жас маманды жолдамамен қабылдағанмен, әлі де керекті қызметкердің саны 130-дан асады. Басқарма басшылығы бұл қажеттілікті жұмыс іздеп келетін оқу орындарының түлектерімен толықтыруды жоспарлап отыр.
Басқарманың тапсырысы-мен жүргізілген зерделеу арқылы облысқа қандай мамандар қажеттілігі анықталған. Әсіресе елді мекендерге акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматолог, неонатолог мамандықтары аса қажет екені айқын болып отыр. Сондықтан облыстық бюджеттен 8,7 миллион теңге бөлініп, 9 маманды оқыту жоспарлануда.
Маман тарту үшін елді мекендердегі әлеуметтік жағдайды түзеудің маңызы зор. Бұл мақсатта биыл жас мамандарға 100 мыңнан бастап, 800 мың теңгеге дейін әлеуметтік көмек көрсету жоспарланған. Сондай-ақ тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін 1500 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын несие, 100 айлық есептік көрсеткішке тең сомада көтерме жәрдемақы беру көзделген.
Жиын соңында комиссия мүшелері медицина саласының өңірде дамуы мен кемшіліктерге жол бермеуді тапсырып, бірқатар ұсыныстар берді. Оның іске асуы мен қадағалау партия бақылауында болады.