Елімізде алғашқы медициналық көмекті 520 мекеме көрсетеді
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Үкімет отырысында жасаған баяндамасында айтты.
Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ«Егемен Қазақстан»
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес медициналық-санитариялық алғашқы көмектің негізгі функцияларына:
- профилактика және сауықтыру;
- аурулардың диагностикасы және емдеу;
- созылмалы аурулары бар пациенттерді динамикалық бақылау;
- медициналық оңалту және паллиативтік көмек қызметі, деп атап өтті Министр сөзінің басында.
«Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында алғашқы медициналық көмекті 520 мекеме көрсетеді және олардың 30% пайызы жеке меншік ұйымдар. Алғашқы медициналық көмек объектілерінің негізгі бөлігі ірі емханалар болып табылады. қазіргі таңда орта есеппен алғанда әр емханаға 20-дан астам учаске тиесілі. Бұл дәрігерлердің бір жерге жинақталуына, кезектердің пайда болуына және «қадамдық қолжетімділіктің» болмауы сияқты проблемаларға әкеледі», деді Министр.
Сонымен қатар Е. Біртанов еліміздің алғашқы медициналық көмек ұйымдарында 11 000 учаскіде 9 000-нан астам дәрігер мен 25 000-нан астам орта медицина қызметкері жұмыс істейтінін айтып өтті.
«Оның ішінде дәрігерлердің 43% пайызы мен орта медицина қызметкерлерінің 49% пайызы ауылдық елді мекенде жұмыс істейді. Қоса атқарушылық коэффиценті 1,2-ге тең. Осылайша, қазіргі уақытта алғашқы медициналық көмек дәрігерлерінің тапшылығы 1 000 маманды құрайды. Көп өңірде дәрігерлер іс жүзінде 2 учаскеде жұмыс жасауда. Осыған орай, 1 дәрігерге 1 900-дан астам адам тіркелген, бұл мемлекеттік нормативтен 200-ге жоғары (1700)», деді Министр.