Тараздағы “Тайвань”, “Арай” тұрғын алқаптарының көшелері жөнделеді
Биыл Тараз қаласындағы 148 көше жөнделеді. Орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін 75 шақырым жолға 1,5 млрд теңге қарастырылған, – деп хабарлайды “ZhambylNews” Ақпараттық Агенттігі.
29 жобаның аясында басталған жөндеу жұмыстары «Тайвань», «Арай» тұрғын алқаптарының көшелерін қамтиды. Бұдан бөлек, жергілікті бюджет есебінен 600 миллион теңгеге қаралып, қаланың көпқабатты тұрғын үйлері орналасқан шағын аудандардағы жол жабындыларына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Ал алдағы үш жылда мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау нысандары орналасқан және қоғамдық көліктер қатынайтын, инженерлік жүйелермен толығымен қамтылған, көшелерді қалпына келтіру көзделуде. Бұл мақсатта арнайы жол картасы да әзірленген.
Сондай-ақ, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес шаһардағы көшелерді түгендеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде коммуналдық меншіктегі 1531 шақырымды құрайтын 1330 көше анықталған.
Бұған қоса, биыл ағымдағы жөндеу жұмыстарына бюджеттен 100,0 миллион теңге бөлініп, 22000 шаршы метрді құрайтын 86 көшені қамту жоспарланған. Жоба ағымдағы жылдың шілде айында аяқталады деп күтілуде.
Мұнан өзге, шаһардағы «Бурыл А,Б,В» тұрғын үй массивіндегі 50 көшесіне шағал тас төсеу басталды. Жалпы құны -260 миллион теңге болатын жұмыстарды «Ая сервис» ЖШС-гі жүргізуде.