С. Омаров: 2018 жылы жануарлардың аса қауіпті ауруларының 347 ошағы тіркелген
Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров еліміздегі эпизоотиялық ахуал мен карантиндік фитосанитарлық жағдай туралы баяндама жасады.
Svetlana Kuzhakulova«Егемен Қазақстан»
Оның айтуынша, республика аумағында 2018 жылы 347, 2017 жылы 360 жануарлардың аса қауіпті ауруларының ошақтары тіркелген. Оның ішінде бруцеллез бойынша 180, 2017 жылы 217 саламатты емес пункт анықталған. 180 саламатты емес пункттің ішінде 125-і сауықтырылып және жергілікті атқарушы органдардың шешімімен жабылған. 55 пунктте ветеринариялық-сауықтыру іс-шаралары жүргізілуде. Ағымдағы жылдың басынан жануарлар ауруларының 20 ошағы тіркелген.
Одан бөлек министр Ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды.
«Өткен жылы Халықаралық эпизоотиялық бюро тәуелсіз шетелдік сарапшылар миссиясының (ПВС талдау) қорытындысы бойынша 2011-2017 жылдардағы еліміздің ветеринариялық қызметін жаңғырту нәтижелерін жоғары бағалады. Мәселен, бағаланған 47 позицияның 14-і бойынша Қазақстан өз позициясын жақсартты, 30-ы бойынша жоғары бағасын сақтап қалды, 3-уі бойынша жақсарту жөнінде ұсыныстар берілді» деді С.Омаров.
Министрлік ақпаратына сүйенсек, ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің және өңірлік әкімдіктердің 2019-2021 жылдарға арналған ветеринариялық қызметті одан әрі жаңғырту жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспары, 2019 жылға арналған профилактикалық ветеринариялық іс-шараларды (сынамаларды іріктеу, вакцинациялау, сәйкестендіру) және диагностикалық зерттеулерді жүргізу жөніндегі жоспар әзірленіп, бекітілген.
egemen.kz