Сапалы азық-түлік – сала мамандарының басты парызы
Аграрлық саладағы инфрақұрылымның дамуы мен негізгі бағыттарының жүзеге асырылуы қандай деңгейде? Өңірімізде азық-түлік залалсыздығына кепілдік бар ма? Бұл тұрғыда ветеринария қызметінің атқарып отырған жұмыстары көңіл көншітерліктей ме? Nur Otan партиясының «Аграрлық сектор» бағыты бойынша сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі аймақтық комиссияның кезекті отырысында, міне, осы сауалдарға жауап ізделінді. Оған Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуов, Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің орынбасарлары, аталған комиссияның мүшелері, облыстық, аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармалары мен бөлімдерінің жауапты қызметкерлері қатысты.
Жиынды комиссияның үйлестірушісі Махамбет Дүйсенбаев ашып, жүргізді.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша сөз алған облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Аманов биылғы жартыжылдықтың қорытындысымен агроөнеркәсіп кешені саласы бойынша мемлекеттік бағдарламалардың, ҚР Премьер-Министрі мен облыс әкімі арасындағы, облыс әкімі мен қала, аудан әкімдері арасындағы келісімдердің және облыс әкімі тапсырмаларының орындалуына талдау жүргізілгеніне тоқталып өтті. Оның айтуынша, өңірде мал саны мен өнімдерінің көлемі арту үстінде. Есепті кезеңде сиыр еті экспортының жоспары екі есеге артқаны тіркелген. «Сыбаға» бағдарламасы аясында аналық қой басын сатып алудың жылдық жоспары 40 мың бас болса, бүгінгі күнге 34,3 мың басқа өтінім қабылданып, одан 24 мың бастың өтінімі мақұлданған. Соның нәтижесінде жылдық жоспар 85,7 пайызға орындалып отыр екен.
Баяндамашы егін шаруашылығы, каналдар мен су қоймаларын жөндеу, тазалау, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру, қалыптастыру, тұрғындарды нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында несиелендіру бойынша атқарылған жұмыстар туралы да тарата айтып берді.
Дегенмен өңірдегі қант зауыттарының қант қызылшасын өсірумен айналысатын шаруашылықтарға өтемақы төлеуі, субсидия берілуі, ағын су тапшылығы мәселелері «басы ашық» күйінде қалды. Сондықтан да комиссия мүшелері тарапынан саладағы осы және басқа да қордалана түскен жағдайларды қарап, талқылау ісін аталмыш басқарманың бірінші басшысы қатысуымен өтетін келесі жиынның үлесіне қалдыру жөнінде бірауызды ұйғарым жасалынды.
Келесі кезекте облыс аумағында ірі қара мен ұсақ малдың өлуі мен түрлі мал ауруларына шалдығу деректері, олардың себеп-салдарлары және осы бағытта атқарылған жұмыстар мен алдын алу шараларының ұйымдастырылуы туралы облыс әкімдігі ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанатбек Қартабаевтың есебі тыңдалды. Ол да басқарманың биыл атқаратын жұмыстарын тізіп шығудан әріге бара қоймады. Осы ретте жиынға төрағалық етуші М.Дүйсенбаев мақсат баяндаманы сыдырта оқып берумен ғана шектелмей, саладағы шешімін күткен мәселелерді де ортаға салып, ой-пікір бөлісу екенін еске салуына тура келді. Алайда баяндамашы бірер мәселені ғана атап өтті. Ал комиссия мүшелері дәп осы саланың жұмысына қатысты аудандарда ауру мал етінің шұжық цехтарына өткізілуі, мал ауруларының алдын алу мен емдеуде кемшіліктердің орын алуы ішінара болса да кездесетінін алға тартып, оған нақты мысалдар да келтірді. Аудан әкімдігінің ветеринариялық бөлімдері мен ветеринарлық қызмет мекемелерінің көп мәселеде басы қосылмай жататын сыңайлы. Осы ретте комиссия мүшелері тарапынан аудандардағы ветеринариялық бақылау мен қадағалау жұмыстарын жүзеге асыратын, құрамында 160 ветеринарлық пункті бар, 887 маман жұмыс істейтін 11 коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының жұмысы сын тезіне де алынды.
Рас, салада жетістіктер де жоқ емес. Өңірімізде бұдан 9 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда, сарып ауруына шалдыққан адамдар саны бүгінде 299-ға кемігені байқалуда. Сондай-ақ облыста жоспарлы іс-шараларды ойдағыдай орындалуының нәтижесінде қарасан, құтыру және бруцеллезден басқа аса қауіпті жұқпалы індеттер тіркелмеген. Бүгінде облыс аумағында энзотиялық ауруларға қарсы күрес шаралары жүргізілуі үшін 388 миллион теңге бөлініп, мүйізді ірі қара малының тейлериоз, жылқының сақау, ауыл шаруашылығы малының сальмонеллез (қылау) ауруларына қарсы егілетін вакциналар алынып, алдын алу жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде екен.
Қазіргі таңда облысымызда 50 мал сою алаңы, 10 мал сою пункті, 3 ет өңдеу, 1 құс өңдеу кәсіпорны, 11 ішкі сауда нысаны және 7 мал базары жұмыс істеуде. Ішкі сауда нысандарына келіп түскен ет және ет өнімдеріне, сүт және сүт өнімдеріне, балық, басқа да азық-түлік тағамдарына міндетті және қосалқы сараптамалар жүргізу мақсатында облысымызда 14 стационарлық, 4 жылжымалы ветеринариялық-санитариялық зертхана жұмыс істейді. Облыс бойынша мал өлекселерін залалсыздандыратын 41 биотермиялық шұңқыр және мал өлекселерін өртейтін 16 стационарлы, 5 жылжымалы, барлығы 21 инсинератор іске қосылған. Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің ветеринария бөлімдері тарапынан ветеринариялық бақылау және қадағалау жұмыстарын жүргізуге арнайы ветеринариялық дәрігерлер бекітілген.
Осыншама жұмыстар атқарылғанына қарамастан, сала ісі әлі де ширата түсуді қажет етеді. Мал дәрігерлік қызмет адамдардың денсаулығы мен азық-түлік залалсыздығын қамтамасыз ететін айрықша маңызға ие сала екені әркезде де естен шықпауға тиіс. Комиссия мүшелері бұл саланың маңыздылығы да осынысында екенін қадап айтты.
Сондықтан да жиынның күн тәртібіндегі екінші мәселені де салалық басқарманың бірінші басшысы қатысуымен келесі аптада өтетін жиында қарап, талқылау жөнінде шешім қабылданды.
Ерқанат Нұрбапаұлы жиынды қорыта келе, бұл мәселелердің алдағы уақытта айрықша назарда ұсталатынын, әсіресе өңірдегі ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жұмысы мен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының жүзеге асырылуы жіті зерделенетінін жеткізді.
Баймаханбет АХМЕТ