ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат — Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, ішкі істер саласының ардагер полковнигі Құрмат Рахимов 95 жасқа толды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Тоқсанның бел ортасына келген сала ардагерін Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің басшысы Жанарбек Бақтыбаев пен ішкі істер органдары және ҚР Ұлттық ұланының Ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрлыбек Үдербаев құттықтап қайтты.
«Тағдыры да,өзі де өте ерекше адам». Жанарбек Бақтыбаев аға буын өкілін жалғыз ауыз сөзбен осылай сипаттайды. Майдангер Құрмат Рахимов Литва мен Беларусь елін азат етуге атсалысып, Кенигсбергті алуға қатысты. «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Соғыс аяқталғаннан кейін де Қарулы Күштер қатарында қызмет етіп, Түрікменстан-Иран, қазақ-қытай, совет-жапон, совет-америка шекарасын күзетті. 1981 жылы ШҚО ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары лауазымында жүріп зейнетке шықты.
«Облыс орталығында қызметте жүргенде полковник шеніне дейін көтерілді. Әсіресе, мамандарды іріктеуге асқан жауапкершілікпен қарайтын. Құқық саласының қызметкерлері барлық істе мінсіз болу керектігін қарамағындағы сақшылардың құлағына үнемі құйып отырды. Ол ішкі істер қызметінің аяқтан тұрып, дамуына қомақты үлес қосты», — дейді Жанарбек Бақтыбаев.
Мерейтой иесі ғасырға жуық жасаса да жігерін жоғалтпаған.
«Ішкі істер ардагерлері кеңесінің мүшесі ретінде жастарды тәрбиелеуге елеулі үлес қосып жүр. Мектеп оқушыларымен, студенттермен жиі кездесіп тұрады. Қатардағы сақшыларға да тәлім беруден жалыққан емес», — дейді әріптесі Нұрлыбек Үдербаев.