Ultimate magazine theme for WordPress.

«Қазір ешкім кітап сатып алмайды…»

149

кітапханашы апай осылай деп мұңайды

Бүгінде нені, кімді іздесек те әлеуметтік желіден табамыз. Сол интернет қолданушыларының арасында кітап оқитындар бар ма? Бар болса, қандай кітап оқиды? Көркем әдебиетке құмар оқырмандар көп пе? Қай елдің әдебиеті көбірек сұранысқа ие? Осыны білу үшін әлеуметтік желіде сауалнама жүргіздім. Иә, олар оқиды екен. 61 пайызы – шетел әдебиетін, 39 пайызы – өзіміздің төл әдебиетімізді. Көпшілігі психологиялық кітаптарға құмар екен. Детектив жанрын іздеп жүріп оқитындар да бар. Фантистикалық әңгімелерге құмарлары – бірен-саран.
Ақпараттық технология күннен-күнге дамыған мына заманда бояу сіңген кітапқа сүзіліп отырғандарды сирек кездестіресің. Көпшілігі электронды нұсқасын оқуды дұрыс көреді. Десе де қажет шығармаңды кітаптан оқығанға не жетсін?! Денсаулыққа да залалы жоқ. Бірақ іздегеніңді кітапханалардан, дүкендерден тез таба аласың ба? Міне, мәселе осында.
Қазіргі кітап дүкендері оқырмандарына не сыйлай алады? Тараз қаласында мен білетін 3 дүкен бар. Соның бірі – Төле би көшесінің бойындағы «Шерхан» кітапханасы. Көп кітап алмасам да, сонда жиі барып тұрамын. Әрине, оқимын деген адамға бұл жерде де біраз туынды бар. Дегенмен авторлары өзгеріп, жаңармайды. Өзім оқитын авторларды өте сирек кездестіремін, кейбіреуі мүлдем жоқ. Осыны сатушыдан сұрағанмын.

Алматы қаласында «Қазына» дейтін кітап дүкені бар. Онда тек қана қазақша кітаптар сатылымға шығады. Оқырмандары өте көп. Жақында соларға арнап клуб ашты, апта сайын жиналып кітап талдайды. Кейде ақын-жазушылармен шеберлік сыныптарын да өткізеді.

– Қызым, саған не айтайын? Қазір ешкім кітап сатып алмайды. Оқырман жоқ.
Міне, осылай мұңайды, кітапханашы апай. Шынымен оқитын оқырман жоқ па? Әлде өздерінің іздеген кітаптарын таппайтын болған соң дүкендерге сирек бас сұғатын болған ба? Қазақ жазушыларының немесе әлем әдебиеті өкілдерінің қазақша сауатты әрі тартымды аударылған туындылары кейінгі кезде сирек кездессе де, тауып сөреге қойсақ, оқитындар да табылатын шығар?
Өз ойыммен арпалысып келе жатып Әйтеке би көшесінде «Marwin» дүкеніне қалай жеткенімді байқамай қалдым. Кітапханаға кірсең, қанша қызығушылығың болмаса да, мойын бұрмай тұра алмайсың. Ал кітап оқитындар үшін таптырмас орын. «Екінші болма» немесе «Как быть дерзким?» деген психологиялық кітаптарға сұраныс көп екен. Қазақ әдебиеті ұзын сөренің бір бұрышында ғана тұр. Нарық заманында бір-бірінен қалай озсам, оңай байысам дегендерге сондай туындылар қызық.
– Анашым, мен іздеп жүрген кітапты осы жерден көргенмін. Алайықшы, а?! Қап, өтіп кетіпті…
Іздегенін таппаған соң ба, жаңа ғана есіктен ентелей асығып кірген жасөспірімнің даусы кәдімгідей пәс шықты. Іздегенін тауып, сонысы қапелімде қолынан сусып шығып кеткендей, өкініп тұр. Амалы құрып, басқа авторларды алып қарай бастаған, кенет бір бұрышта елеусіздеу тұрған Уильям Фолкнердің орысшаға аударылған «Шу мен қаһарын» көріп, айқай салғаны. Сөйтсе, алмақ болып, анасын қоярда-қоймай жетелеп келгені сол екен. Шамамен 10-сыныптың оқушысы секілді. Таңдауына қарап, біраз әлем әдебиеті классиктерінің туындыларын оқып үлгергенін байқауға болады.
Қазір тек мемлекеттік тапсырыспен шығатын болған соң, қазақ жазушыларының таңдаулы туындыларын кітапханалардан ғана табасың. Жеке кітап дүкендеріне түспейді. Жекеменшік баспалармен жасасқан келісім-шарт бойынша қайта басылып шыққандарының да таралымы санаулы. Лезде өтіп кетеді.
Барлық нәрсені нарыққа тіредік, енді кітап қалды. Біздің қаламгерлердің де жазған еңбектері оқи білген адамға, психологиялық кеңес те береді, жігерлендіре де алады.
Алматы қаласында «Қазына» дейтін кітап дүкені бар. Онда тек қана қазақша кітаптар сатылымға шығады. Оқырмандары өте көп. Жақында соларға арнап клуб ашты, апта сайын жиналып кітап талдайды. Кейде ақын-жазушылармен шеберлік сыныптарын да өткізеді. Ал енді сол дүкеннің сатушысымен сөйлескенімде, оқырманның көп екенін қуана жеткізді. Тараз қаласында да кітапханашылар, осылай қызықты шаралар ұйымдастырса, олар да көп оқырманымыз бар дейтін бе еді, кім білсін.
Адам баласының қол жеткізген үлкен жетістігінің бірі – білім іздеу, оқи білу. Сол білім бізге кітаптан келеді. Кітапты асыл қазынамыз дейтініміз де содан.
Бүгінде Тараз күннен-күнге түрленіп, жаңғыруда. Ұзамай бізде «Қазына» секілді үлкен қазыналы дүкен ашылады деп сенейік.

Жадыра Мырзабай,
Халықаралық ақпарат-тық технологиялар университетінің 1-курс студенті.

Жауап Қалдырыңыз

Your email address will not be published.