Ultimate magazine theme for WordPress.

Туберкулез белгілері қандай? 

141

Бұл туралы «Әлеуметтік медициналалық сақтандыру қоры» КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі жазды.

Жыл сайын 24 наурызда Дүниежүзі Туберкулезге қарсы күрес күнін атап өтеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен белгіленген бұл күн жыл сайын әртүрлі ұранмен өтеді. Туберкулездің алдын алу және анықтау, туберкулезге қатысты әр адамның белсенді өмір сүру жағдайын қалыптастыру жөніндегі білім-білік деңгейлерін көтеру мақсатында биылғы жылы «Туберкулезді бірге  жеңейік!» ұранымен ұйымдастырылатын ауқымды акцияға Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Астана қаласы бойынша филиалы да атсалыспақ.  Қазақстанда туберкулезді анықтау мен оның алдын алу, емдеу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне енген. Яғни, аталған сырқат түрі тегін емделеді.  «Медициналық қызмет жеткізушілермен жасалған келісімшарттардың жалпы сомасы 87,5 млрд теңгені құрайды, олардың ішінде «Туберкулезге қарсы диспансер»  МКҚК-мен 1, 954 млрд теңгеге келісімшарт жасалды. Қазіргі күні 878 науқас диспансерлік есепте тұр. 2018 жылмен салыстырғанда, Астана қаласы бойынша туберкулезбен ауыратын науқастар саны 42-ге  азайған», дейді ӘМСҚ Астана қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров. Жалпы, туберкулез бүгінгі қоғам үшін таңсық емес. Адамзат одан толық айығу жолдарын жақсы біледі, дәрі-дәрмек пен микробқа қарсы препараттарды табу да қиын емес. Соған қарамастан, жұқпалы дертті толық ауыздықтау мүмкін болмай отыр. Ендеше, туберкулез ауруының белгілері, оның алдын алу туралы не білген жөн, біз туберкулезді қалай жеңеміз, туберкулезге қарсы күресуге қандай үлес қоса аламыз деген сауалдарға жауап іздеп көрелік. Туберкулез белгілері қалай байқалады? Туберкулез белгілері бірден байқалмайды. Әдетте, ол ұзақ уақыт бойы ағзада дамып, көбіне өкпе тіндерін зақымдайды. Оның белгілерінің жүре келе пайда болатыны да сондықтан. Бірақ көп ұзамай: тоқтаусыз жөтелу, кейде қан аралас қақырық түсу, кеуде қуысының ауыруы, өз-өзін жайсыз сезіну, салмақ жоғалту, қалшылдау сынды белгілер байқалады. Мұндай жағдайда міндетті түрде емханаға барып тексеруден өту қажет. Алдын алу шаралары Жаңа туған нәрестелерге перзентханадан шықпай тұрып, туберкулезге қарсы екпе егіледі. Міне, осы екпе құрамында әлсіреген туберкулез таяқшалары болады. Вакцина құрамындағы бактериялар ағзаға түскеннен кейін көбейіп, органдар мен тіндерге орналасады, сол арқылы иммунитет қалыптасады. Перзентханада егілген туберкулезге қарсы екпе адамды ұзақ уақыт бойы осы аурудан қорғайды. Бірақ 7 және 14 жаста вакцина тағы салынады. Мұны қайталап егу деп атайды. Қайта егер алдында туберкулезге қарсы сынама жасалады (Манту сынамасы). Манту — вакцина емес, ол адамның туберкулез ауруын жұқтырған-жұқтырмағанын анықтау тәсілі ғана. Сондықтан одан қорқудың қажеті жоқ. Жалпы, бұл балаларға қолданылатын әдіс. Ал, ересектер жыл сайын (кеуде қуысын) флюорографиялық тексеруден  өтіп тұруы тиіс. Өз денсаулығың – өз қолыңда Жасыратыны жоқ, тұрғындардың басым көпшілігі өз денсаулығына немқұрайлы  қарайды. Денсаулықты ауырған кезде емес, ауырмас бұрын, үнемі күту қажет. Адамға берілген күш-қуат пен әр ағза қалыпты тепе-теңдікте, күтіммен жұмыс істеген жағдайда, ағза да Сізге ұзақ қызмет етеді. Себебі, адам ағзасы – өз заңдары бойынша жұмыс істейтін механизм. Таза ұстаса, тепе-теңдік сақталса, ағзаға қандай да бір салмақ түспесе, яғни артық жүктеме болмаса, ол бұзылмайды. Профилактикалық тексерулер мен скринингтерден уақытылы өтіп тұрған жөн. Ағзаның саулығы, негізінен, дұрыс тамақтануға, дұрыс демалуға, қимыл-қозғалысқа, өмір сүру салтына тікелей байланысты. Сондықтан дәруменді, қуатты тағамдармен уақытылы тамақтану керек. Ал салауатты өмір салтын ұстану, белсенді қимыл-қозғалыс денсаулықты одан әрі нығайта түседі. Темекі мен ішімдік алыс болсын. Ағзаның сыртқы әсерлерге қарсы тұру, күресу қабілетін, яғни иммунитетті күшейтейік! Ең бастысы — туберкулез жазылатын ауру және оның алдын алуға болады. Жұқтырған күннің өзінде дер кезінде, дұрыс емделсе пациенттің құлан-таза айығып кетуге мүмкіндігі бар. Ол үшін медицина қызметкерлері ғана емес, әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, өз-өзін күтуі қажет. Жоғарыда атап өткеніміздей, «Туберкулезді бірге жеңейік!» девизімен, Астана қаласында, 2019 жылдың 16 наурызында сағат 14.00-де «Евразия» сауда орталығының аумағында кең ауқымды акция өтеді. Акцияға «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалы, Астана қаласы Алматы аудандық әкімдігінің қолдауымен «Астана қаласының Туберкулезге қарсы диспансері» МКҚК,  Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, № 6, 7, 11, 13 қалалық емханалар, «Ниет» отбасылық денсаулық орталығы қатысады.

Жауап Қалдырыңыз

Your email address will not be published.