Көпір мен жол салғанның көсегесі көгереді
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев өзінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасының артуы» атты Жолдауында «Ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға кірісуіміз қажет. Осыған байланысты арнайы «Ауыл – ел бесігі» атты жобаны жүзеге асыру қажет. Бұл арқылы қазақстандықтардың жергілікті жердегі еңбегіне қатысты идеологияны қолға алуымыз керек. Бұл әкімшіліктердің міндеті», – деп атап көрсеткені белгілі.
Бүгінде Елбасының тікелей бастамасымен қолға алынған осынау жоба аясында ауылдарды дамытуға бағытталған нақты істер жүзеге асырылуда. Болашағы зор ауылдарды дамытуға үш жыл ішінде 90 миллиард теңге бөлу жоспарланған. Жоба еліміздегі 1500-ге жуық болашағы бар ауылды қамтитын болады. Бұл ретте олардың жалпы көлемі, орналасуы, даму әлеуеті және тағы басқалары негізге алынған. Бұдан басқа, моноқалалар мен шағын қалаларды дамытуға жылына 10 миллиард теңге бөлінетін болады. Соның нәтижесінде өңірлерде 100-ге жуық инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу қамтамасыз етілмек.
Бұл бастама еліміздің барлық өңірлерінде қолдау тауып, жоба аясында жолдар мен көпірлерді жөндеу, білім беру, денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын күшейту, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға көмек көрсету, дәрігерлік амбулатория, балабақша мен мәдениет үйлері сынды әлеуметтік нысандар құрылысының ірі жобаларын жүзеге асыру жоспарлануда.
Айта кету керек, біздің облыста болашағы бар 163 ауылдың тізімі жасалып, бекітіліп отыр. Ағымдағы жылы жоба аясындағы жұмыстар Байзақ ауданындағы Сарыкемер, Жамбыл ауданындағы Аса және Шу ауданындағы Төле би ауылдарында басталғаны белгілі. Жалпы, біздің ауданымызда барлығы 104 жоба іске асырылмақ.
Бүгінде аудан орталығында жоспарға сай жұмыстар жүргізілуде. Төле би ауылдық округінің әкімі Е.Даберовтың айтуынша, аудан орталығындағы 11 көшенің жолын жөндеп, 2 көшеге жаяу жүргінші жолын, 12 көшеге жарықтандыру жүргізу ойластырылуда. Сондай-ақ ауыл халқы көптен күтіп жүрген «Салтанат сарайы» салынып, жаңа спорт кешені бой көтеретін болады. Аудандық орталық аурухана жанынан қосымша ғимарат салынады деп күтілуде. Жаңа тұрғызылатын спорт кешені мен Салтанат сарайының жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, бөлінетін қаражат көлемі нақтыланған. Нәтижесінде Салтанат сарайы құрылысының сметалық құны – 550 миллион, ал әмбебап спорт кешенінікі 295 миллион 304 мың теңге көлемінде белгіленген.
Бұдан бөлек, аудандық орталық ауруханаға емхана ғимаратын жалғауға 304 миллион 388 мың теңгенің жобалық-сметалық құжаты жасалған. Жоба бойынша «Техникалық шығармашылық орталығы», М.Әуезов атындағы орта мектеп, аудандық мәдениет үйі ғимараттарына күрделі жөндеу, ал «Әсем» балабақшасы, аудандық орталық кітапхана ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген.
Жалпы, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Төле би ауылдық округіне қарасты 44 нысанның құрылысына 1 104 425 теңге бөлініп отыр. 2020 жылы аудандағы және бір ауылдың ажары ашылып, көз тартарлық көркімен тамсандырады деп күтілуде. Әрине, бұл – қуана құптарлық іс.
Шалғай жатқан елді мекендердің еңсесін көтеру мәселесіне биылғы мамыр айында облысымызға жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та айрықша назар аударып, ауылдағы ағайынның өмір сүру сапасын жақсарту үшін жергілікті жерлердің инфрақұрылымын дамытып, жол, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет нысандарының құрылысына баса назар аудару қажеттігін атап көрсеткен-ді. Әрине, бұл кемел келешегіміз үшін жасалып жатқан құтты қадамдар екені даусыз. Сондықтан аудандар әкімдері ауылдарды ажарландыруға бағытталған ауқымды бастамаға бір кісідей үн қосып, игілікті іске жұмыла кіріскендері жөн. Сонда ғана жобаның жемісі көл-көсір болып, әлеуметтің әлеуеті де арта түседі.
Балнұр ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ,
журналист.
Шу ауданы.