«Қазақстанның үздік тауары-2022» өңірлік байқау-көрмесі өтті
Бүгін «Көне-Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің көрме залында облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен «Қазақстанның үздік тауары-2022» өңірлік байқау-көрмесі өтті.
Халық арасында сапа идеясын насихаттауды мақсат еткен шараға облыс әкімі Нұржан Нұржігітов, Тараз қаласы әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Исмаил бастаған азаматтар қатысты. Байқау барысында аймақтың азық-түлік, химия, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы саласы мен құрылыс индустриясының 82 тауар өндірушісі өз экспозицияларын ұсынды.
Алғаш болып сөз алған Нұржан Молдиярұлы облыстағы шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына тоқталып, көрме жұмысына табыс тіледі.
Байқау нәтижесінде «Халық тұтынатын үздік тауарлар», «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациялары бойынша үздік деп танылған 9 тауар өндіруші марапатталды. Олар енді Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Қазақстанның үздік тауары-2022» республикалық байқауында бақ сынайды.