Мұрат Бектанов заңсыз бұйрықтар берген
Қазақстанның Бас прокуроры Берік Асылов еліміздің бұрынғы Қорғаныс министрі Мұрат Бектанов қаңтар айындағы оқиғалар кезінде заңсыз бұйрықтар бергенін мәлімдеді.
Мәжілістің жалпы отырысында Бас прокурор әскери сотта экс-министрдің ісі бойынша тыңдаулар жалғасып жатқанын хабарлады.
«Тергеу төтенше жағдай кезінде ол заңсыз бұйрықтар беріп, әскери стратегиялық нысандарды қорғаусыз қалдырды деп санайды. Бұрынғы Қорғаныс министрі елде конституциялық тәртіп орнату бойынша шаралар қабылдаған жоқ», деді Бас прокурор Берік Асылов.
Оның айтуынша, еліміздің басқа қалаларына қарағанда шабуылшылардың басым бөлігі Алматыда шоғырланды. Олар қоршауды бұзып, полиция мен Ұлттық гвардия күштерін басып, халықты қорқытқан.
«Сондықтан Мұрат Бектановқа билікті асыра пайдаланды деген айып тағылды (ҚР ҚК 451-бабы 3-бөлігі). Енді оның түпкілікті жазасын сот анықтайды», деп қосты Берік Асылов.