Қазақстан Президенті мемлекеттік сапармен Ташкентке келді
Жексенбі күні Қазақстан Президентінің ұшағы И.Кәрімов атындағы Ташкент халықаралық әуежайына қонды.
Мемлекет басшысын Өзбекстанның Премьер-министрі Абдулла Арипов, Өзбекстанның Сыртқы істер министрі Абдуләзиз Камилов және Ташкент қаласының әкімі Джахонгир Артыкходжаев күтіп алды.
Ақорда баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, сапар барысында екі елдің Президенттері сауда-экономикалық, әлеуметтік-гуманитарлық және көліктік-транзиттік ынтымақтастықтың екіжақты өзара іс-қимылының өзекті мәселелерін, сонымен қатар өңірлік және халықаралық күнтәртіптің басты тақырыптарын жан-жақты талқылайтын болады.
Екіжақты кездесу барысында бірқатар маңызды құжаттарға қол қою да көзделген.
Мұнан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Өзбекстандағы Қазақстан жылының ресми ашылу салтанатына қатысады.
Авторы: Мирас Қуандықов