Ultimate magazine theme for WordPress.

Жаңатастың қазандығы қалыпқа келді

156

Ақпанның 11-і сағат 18:45-те Жаңатас қаласындағы «Жаңатас Су-жылу» КММ орталық қазандығы тұрақты жылу бере бастады.
Кешкі сағат 22:00-де берілетін жылу температурасы +39, ал қайтарымы +26 градусты көрсетті.
Апатты жағдайдан соң мазут құбырларын, қоймасын конденсаттан, бу қазандығын судан тазалау жұмыстары жүргізіліп, қосымша Қаратау қаласынан мазут жеткізілді. Қазіргі уақытта 720 тонна отын қоры жасақталды. Айдың соңына дейін 1500 тонна жеткізу көзделіп отыр. Қазіргі уақытта жылу берудегі температуралық режим тұрақталып келеді.
Алдын ала мәліметтер бойынша, қазандықтың істен шығуына сапасыз мазут себеп болған. Қазір отын жеткізуге жауапты мердігер мекемеге шара қолдану мәселесі қарастырылуда.
Естеріңізге сала кетейік, 9 ақпанда сағат 20:00-де Жаңатас қаласындағы орталық қазандықта жылыту құрылғылары істен шыққан болатын. Облыс әкімінің тапсырмасымен оқиға орнына облыс әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбек, Сарысу ауданының әкімі Бақытжан Жақсылықов пен коммуналдық мекемелердің басшылары аттанды.
Жылу және ыстық сумен қамтуды тұрақтандыру жөнінде барлық тиісті шаралар қолға алынды. Медициналық нысандар уақытша қосымша электр жылыту құрылғыларымен қамтылды.
Қаладағы орталық жылу қазандығы 92 көпқабатты тұрғын үй, 41 бюджеттік мекеме, оның ішінде 11 білім беру және 2 денсаулық сақтау нысанын жылумен қамтиды.
Құрылғылардың істен шығу себептерін анықтау мен Жаңатас қаласын жылумен қамтуды қалпына келтіру бойынша жұмыс тобы құрылған еді.

Жауап Қалдырыңыз

Your email address will not be published.