Асанәлі әшімов Анапа кинофестивалінің жеңімпазы
Жерлесіміз, Сарысу ауданындағы Жайылма ауылының тумасы, театр және кино өнерінің майталманы Асанәлі Әшімов Ресейдегі «Киношок» халықаралық кинофестивалінде номинация жеңімпазы атанды. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешов мәлім етті.
«Қазақ елін құттықтаймын! Қазақ театры мен кино өнерінің мақтанышы, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО Халық артисі Асанәлі Әшімов режиссер Х.Ахметовтың «Әруақ» фильмінде сомдаған рөлі үшін 2019 жылдың 1-8 қыркүйегі аралығында Анапа қаласында өткен «Киношок» халықаралық кинофестивалінде «Ең үздік ер адам бейнесі» жүлдесін жеңіп алды», – деп хабарлады вице-министр.
«Қазақ актерлік мектебінің көрнекті өкілі Асанәлі ағамыз – өзінің нағыз бабындағы шебер екендігін, кәсіби орындаушылық шеберлігінің биіктігін тағы бір дәлелдеді. Асанәлі Әшімовтей көрнекті тұлғамен мақтанамыз!», – дейді Н.Дәуешов
Айта кетейік, «Әруақ» фильмін Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» компаниясы түсірген. Картинада Асанәлі Әшімов ақылдылық, парасаттылық пен даналықты ту еткен қазақ ақсақалының образы – Ағатай қарт бейнесін сомдайды.