Ultimate magazine theme for WordPress.

«Еңбек» бағдарламасынан еншіңді ал

134

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы елдегі жұмыссыздықты азайтуға, шағын кәсіпкерлікті дамытуға бағытталғаны баршамызға мәлім. Ал бұл бағдарлама өңірімізде, оның ішінде Меркі және Т.Рысқұлов аудандарында қалай жүзеге асырылуда? Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ұйымдастырған екі күндік баспасөз турына өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.Жалпы, бағдарламаның негізгі үш бағыты – қатысушыларды техникалық, кәсіптік және қысқа мерзімді оқумен қамту, жаппай кәсіпкерлікті және еңбек нарығын дамыту, жұмыспен қамтуды ынталандыру арқылы еңбекке тарту екені екінің біріне белгілі. Осыған байланысты Меркі ауданында биыл 2837 адамды жұмыспен қамту жоспарланған екен. Бүгінгі таңда бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 62 жұмыссыз техникалық және кәсіптік білім алыпты. Одан бөлек 240 адамды қысқа мерзімді курста оқыту үшін 45,7 миллион теңге қаражат бөлінген. Екінші бағыт бойынша азаматтардың жеке ісін ашу және дамыту үшін 66 азаматқа 244,3 миллион теңге несие беріліпті. Ал бағдарламаның үшінші бағыты аясында Жастар тәжірибесіне 120 жас жолданған. Олардың 42-сі тәжірибесін аяқтаса, 67-сі одан әрі жалғастыруда,11-і тұрақты жұмыс орнына орналасыпты. Аталған бағдарламаның жүзеге асырылуы барысын зерделеу үшін ауданда атқарылған жұмыстармен де таныстық. Басқарма мамандары БАҚ өкілдерін ең алдымен «Айсұлу» кәсіптік оқыту орталығына бастап барды. Онда 40 үйренуші қысқа мерзімді қайта даярлау курсын аяқтаған екен. Аталған курсты тігінші, маникюр және кондитер мамандықтары бойынша бітірушілерге сертификаттар тапсыру рәсімінің де куәсі болдық. Қайта оқытудан өткендердің бірі – Гүлдана Абдрахманованы сөзге тартқанымызда:
– Жұмыспен қамту орталығына жұмыс іздеп келіп, осындай курстың барын естідім. Сөйтіп оқуға тіркелгенмін. Енді, міне, қысқа мерзім ішінде маникюр мамандығын меңгеріп, куәлігін алып отырмын. Жақында сұлулық салонына жұмысқа орналастым. Қазір байқап отырсам, «Eңбек» бағдарламасына қатысудың көптеген артықшылығы бар екен. Біріншіден, мұнда кәсіби мамандардан білім аласың, екіншіден, тегін оқисың, қосымша шәкіртақы да төленеді. Үшіншіден, курсты аяқтаған соң жұмысқа орналасуыңа мүмкіндік мол, – деді ол.
Бұдан кейін бағдарлама аясында несие алып жұмысын үйлестіріп отырған жеке кәсіпкердің бірі – Ерлік Сұлтанбековтің шаруашылығында болдық. Ол қожалықтың ауқымын ұлғайту үшін екінші деңгейлі банктерден 5,7 миллион теңге көлемінде несие алыпты. «Мен жылқы өсіріп отырмын. Жалпы, әрбір адам өзі ұнатқан кәсіппен айналысса, оның жемісін көретіні анық. Өзім іс бастап, жеке кәсіпкерлікпен айналыса бастағаным менің табандылығым ғана емес, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған үлкен қолдаудың жемісі деп білемін», – дейді кәсіпкер азамат.
Жеке кәсіпкер Сұлтан Мамытбеков те аталмыш бағдарламаның тиімділігіне көз жеткізгендердің бірі. Ол өткен жылғы күз айында 200 қой сатып алған. Осылайша мал тұқымын асылдандыру ісіне өзіндік үлесін қосқалы отыр.
Мұндай жұмыстар Т.Рысқұлов ауданында да жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Айталық, жыл басынан бері 230 жұмыссыз қысқа мерзімді курстарға жолданған. Соның бірі – Қызылшаруа ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Бекнұр Шайхы. Ол кәсібін бастамас бұрын білімін қысқа мерзімді курста жетілдірген. Бұл оқу орнынан ол бизнес жоспарын құруды, бухгалтерлік есепті жүргізуді үйреніп шығыпты. «Мен курсты аяқтаған соң 4 миллион теңге көлемінде несие алып, оған біраз қой-ешкі сатып алдым. Бұл істі бастағанымда, көңілімде аздаған қорқыныш болды. Бірақ қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдалана отырып, жағдайымды түзеп, жұмысымды жолға қойып үлгердім», – дейді ол.
Жалпы кәсіпкерлікті дамыту мақсатында ауданда 147 азаматқа 617,4 миллион теңге көлемінде несие беру жоспарланыпты. Бүгінгі таңда 78 адам 254,8 миллион теңге несие алып, кәсіпкерлік ісін жолға қойып отыр.
Көктем ауылының тұрғыны Гүлнұр Данаева да – қысқа мерзімді курста шаштараз мамандығын оқып, жұмысқа орналасқандардың бірі. «Мен үш ай оқыдым. Бұл өте қызықты болды, әсіресе жаттығу кезінде. Қазір мен шаштаразда жұмыс істеп жатырмын. Менің қызметіме клиенттерімнің де көңілі толады. Бірақ мен мұнымен тоқтап қалмаймын. Осында шеберлігімді шыңдап, алдағы уақытта өзімнің жеке шаштаразымды ашуды жоспарлап жүрмін», – дейді ол.
Құлан ауылының тұрғыны Жансая Таштанның да жұмысқа орналасуына осы бағдарламаның септігі тиген. Бастауыш сынып мұғалімінің мамандығы бойынша жоғары білімі бар. Ол Жастар тәжірибесінен өту үшін құжаттарын халықты жұмыспен қамту орталығына өткізіп, тәжірибесін ауылдағы Ә.Бөкейханов атындағы орта мектепте шыңдап, соңынан жұмысқа орналасыпты.
Өңір журналистерін бағдарламаның жүзеге асырылуы барысымен таныстыру мақсатында ұйымдастырылған баспасөз туры Өрнек ауылында түйінделді. Мұнда БАҚ өкілдері «Нұрдәулет» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Қожалық жетекшісі Ыбырай Даяновтың айтуынша, оның отбасы 20 жылдан бері мал және егін өсірумен қатар айналысып келеді екен. Бағдарламаның үшінші бағыты аясында шаруашылық аудандық халықты жұмыспен қамту орталығымен өзара әріптестік ынтымақтастық орнатып, 14 әлеуметтік жұмыс орнын ашқан. Қазіргі таңда 8 жұмыссыз азаматты тұрақты жұмысқа қабылдаған. Олар айына 100 мың теңге жалақы да алады.
– Біз үшін бұл тиімді. Сырттан жұмысшы іздеп әуре болмаймыз. Жұмысшыларды ауылдан тауып, жұмыспен қамтыдық. Осының арқасында ісіміз алға басып, табысымыз еселене түсуде. Олардың жалақысын уақтылы беріп, басқалай да көмек көрсетіп отырамыз, – дейді ол.
Мұндай игілікті істер екі ауданда да жетерлік. «Еңбек» бағдарламасының арқасында арманына жеткендер де аз емес. Тәжірибе көрсеткендей, елімізде әркімнің өзін-өзі тануына, жеке кәсіпкерлік ісін ашуына мүмкіндігі мол. Біздің соған көзіміз жеткендей болды.

Меркі және Т.Рысқұлов аудандары.

Марат Құлибаев

Жауап Қалдырыңыз

Your email address will not be published.