Ultimate magazine theme for WordPress.

Он жеті домбыра үйірмесі бар аудан

186

Жақында Қордайға жолым түскен. Жылына екі-үш рет барып қалатынымыз бар ғой. Ол жақта біз танитын мәдениет саласының және өзге де саланың өкілдері бар. Бұл жолы аудандық Мәдениет үйінің алдындағы қызу жұмысты көзіміз шалды. Аудандық Мәдениет үйінің кіреберіс табалдырығы жөнделіп, есігі заманауи үлгіге ауыстырылып жатыр екен. Мердігер – «Мамыт БМ» компаниясы. Жергілікті бюджеттен жеткілікті түрде қаражат бөлінген.
Аудан әкімі Болатбек Байтөленің мәдениетке деген көзқарасы жақсы, ниеті түзу екен. Аудандағы 18 мәдениет ошағының түгел керек-жарақпен жабдықталуы, тегіс компьютермен қамтамасыз етілуі, 5 ауылдық Мәдениет үйінің «көгілдір отынға» қосылуы, Әлжан ана, Кенен ауылдарындағы Мәдениет үйлерінің күрделі жөндеуден өткізілуі сөзімізге дәлел.
Аудандық Мәдениет үйінің директоры, айтыскер ақын Күміскүл Сәрсенбаева да мұндай жанашырлыққа бек қуанышты. Бізді өзі бастап жүріп, 500 орындық мәжіліс залын көрсетті. Қыздың жасауындай жайнап тұр. Осыдан біраз жыл бұрын осында келгеніміз еске түсті. Орындықтары ескі, төбесінен су тамып тұрушы еді. Енді аудан басшысы бастамашы болып Мәдениет үйінің төбесін мықтап жауып берген, 500 жаңа орындық қойылған. Сахнаның перделеріне дейін жаңаланып, заманауи үлгідегі музыкалық аппарат сатып алып берілген. Аудандық фольклорлық ансамбль мүшелерінің, «Аққу», «Махаббат» би ансамблдерінің сахналық киімдері тегіс жаңаланып, құлпырып сала беріпті. Бәрі мәдениетке деген жергілікті атқарушы биліктің қолдауының нәтижесі.
Мәдениет үйінің ішінің көркемдігін айттық. Енді сыртына келейік, нысанның алды гүлзарлармен көмкеріліп, адам танымастай өзгерген. Мынандай сұлу көріністі күнде тамашалау мәдениет өкілдері үшін тамаша сыйлық болар. Аталған ғимараттың жаныннан «Махаббат аллеясы» ашылған. Қазіргі таңда жас отау иелері той күні осында қыдырып келіп, «Махаббат аллеясында» естен кетпес сәтін өткізеді. Әсемдігімен ерекшеленген Мәдениет үйіне де назар салмай кетпейді. 15 адамды жұмыспен қамтып отырған аудандық саябақ та Мәдениет үйіне қарайды. Ол жерде де жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ойын алаңшалары көбейіп, жарықтандырылып, қордайлықтардың көп қыдырып келетін мекеніне айналыпты. Түнгі саябақ табиғи көркемдігімен көңілді аударады. Ізгі істер мұнымен бітпейді. 17 ауылдық Мәдениет үйіне штаттар беріліп, 17 домбыра үйірмесі ашылуда. Қордайлықтар «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ –домбыра» екенін түсініп жатыр. Кенен туған өлкеге бұл бастама жарасымды.
– Көріп тұрғандарыңыздай, біздегі мәдениет ошақтарына осындай қолдау көрсетіліп жатыр. Ауданда 5 халықтық ұжым бар. Оларға да көмек көрсетілуде. Былтыр да, биыл да ауылдық Мәдениет үйлерінде облыстық деңгейдегі айтыс өтті. Басқа да іс-шаралар ұйымдастырылуда. Ауданда 200-ден астам мәдениет қызметкері бар. Олардың бәрі жанашырлықты сезініп, жақсы ғимаратта жемісті жұмыс атқаруда. Бұл ретте мәдениетке деген қолдауы үшін аудан әкіміне, аудандық мәслихат депутаттарына шынайы алғысымызды айтқымыз келеді, – дейді аудандық Мәдениет үйінің директоры Күміскүл Егіншіқызы.
Әрине, экономикасымен қоса мәдениетіне де мән берген өңірдің, құлпырған Қордайдың жетістіктеріне қуанып, қанаттанып қайттық.

 

Есет ДОСАЛЫ

Қордай ауданы.

Жауап Қалдырыңыз

Your email address will not be published.