Ultimate magazine theme for WordPress.

Тәуелсіздік – тәңір берген тәтті сый

180

Міне, биыл Қазақ елі тәңірі берген Тәуелсіздігінің, арайлы азаттығының жиырма тоғызыншы жылына қадам басып отыр.

Түп шежіресі сонау ежелгі түркіден бастау алатын «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы бағзы заманнан бері қаншама өзінің іргелі ел, қабырғалы қалпын, салиқалы салтын сақтап қалғаны – еркіндік сүйгіштік жігерінің, асқақ рухының арқасы. Қазақ мемлекеттілігінің түпкі негізі сонау сақтардан басталып, ғұн, қаңлы, қыпшақ, Ақ орда мен Қазақ хандығының жалғасы – бүгінгі тәуелсіз Қазақстан мемлекеті.

Қазақ елінің еркіндігі, тәуелсіздігі үшін тарихта ерекше орын алатын көтерілістер: Сырым Датұлы, Кенесары Қасымұлы, Махамбет Өтемісұлы мен Исатай Тайманұлы бастаған және 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістер болды. Сонау «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманынан бастап, қынадай қырылған 1930-1933, ел тізгінін ұстаған азаматтардан 1938 жылдарына дейінгі аралықта халқымыздың осынау кең жақан далада өмір сүруі, тарих бетінен ұлт болып жойылып кету қаупі төніп тұрған еді. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай батырлардан бастап, беріректе Бауыржан, Мәншүк, Әлия сынды батырлар сол ел қорғауды ұран еткен, сол үшін құрбан болып, ел құрметіне бөленген бабаларымыздың есімдері алтын әріппен тарихта қалды.

Тәуелсіздік үшін ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен елін қорғаған бабалар рухынан қуат алған ызғарлы Желтоқсан оқиғасы қазақ халқының қасіреті де, қасиеті де жетерлік тарихына айналды. Иә, Желтоқсан оқиғасы қаншама ызғарлы естілсе де, жанымызға нұр септі. Желтоқсан жаңғырығы бізге Тәуелсіздіктің таңын әкелді.

Қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң қабылданған сол бір тарихи күнде, 1991 жылдың 16-желтоқсан күні жүзеге асты. Дүниеге жаңа мемлекет – Тәуелсіз Қазақстан келді. Біз өзіміздің рәміздерімізбен мақтанамыз, Қазақстан Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі, Ән-ұранымен айбатты.

Еңсемізді тіктеп, егемен ел атанып, өз алдына отау тігіп дербес мемлекет атанған Қазақстан қаншама қиындықтарға жолықса да тастай берік төзімділіктің арқасында, жалпақ әлемге өзінің өршіл үнін, өркениетке деген үмітін мойындатты… Ата-бабаларымыздан мұра болып қалған ұлан-ғайыр атамекен жеріміз, отарлық жоя алмаған тіліміз, мәдениетіміз тек қана қазақтың рухының күштілігімен сақталды.

Біздің тәуелсіз Қазақстан Республикасының тарихындағы барлық жетістіктері, қазақ халқының егеменді заманда жаңаша ерекше өрлеуі, өркендеуі, рухани-экономикалық еркіндігіміз, әлемдік қоғамдастық пен дүние жүзінің дамыған озық мемлекеттерімен тереземіз тең, дәулетті елдермен бірдей қарым-қатынас жасау жетістіктеріміздің барлығының алтын бастауы – біздің мемлекеттің Тәуелсіздігінде.

Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік. Тәуелсіздікпен бірге халқымыз Мәңгілік мұраттарға қол жеткізді.

Тәуелсіздік – ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн. Біз бүгінгі барлық жетістіктерімізге Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Тәуелсіздік – тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы.

Тәуелсіздігіміздің 29 жылдық мерейтойы тұғырлы, баянды болсын! Әрқашан күн сөнбесін! Тәуелсіз Қазақстанның таңы нұрлы, егемен еліміздің ұрпағының еңсесі биік болып, көк аспанда қасиетті көк туымыз мәңгі желбіресін!

Асхат Дүйсенбеков,

Тараз қалалық №2 пробация қызметінің аға инспекторы 

Жауап Қалдырыңыз

Your email address will not be published.