Ultimate magazine theme for WordPress.

Көптің көмегімен Қордайлық 2 отбасы баспаналы болды

149

Қордай ауданында қазақтың ертеден келе жатқан игі дәстүрі қайта жанданды. Осы сауапты іс қазақтың бауырмалдығын және көпшілдігін білдіреді. 25 ақпан күні көптің көмегімен жиналған қаражатқа сатып алынған екі үйдің кілті көмекке мұқтаж отбасыларға берілді. Бірінші үй Күнбатыс-2 ауылында болса, екінші үй Булар батыр ауылында.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығының құрметіне және де 1-наурыз Алғыс айту күніне орайластырылып ұымдастырылған қайырымдылық шара Күнбатыс-2 ауылында басталды. Мұнда көпбалалы ана Айман Арыноваға 4 бөлмелі үйдің кілті тапсырылды. Қоныс тойын тойлаушыларды құттықтау үшін облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сержан Қуанышов, жергілікті атқарушы орган өкілдері, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, мәслихат депутаттары және баспаналы болған отбасының ет бауыр жақындары жиналды.
Қуаныш иесін ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет және облыстық мәслихат депутаты Лугмар Буларов құттықтаса, Сержан Қуанышов салтанатты түрде үй кілтін ұсынды.
— Бізге қамқорлық көрсеткен жандарға айтар алғысым шексіз. Енді үйіміз бар, келесі мақсатымыз балаларымызға тәрбие беріп оқыту, елін сүйер азамат қылу. Асар жобасына ұйытқы болған облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа, аудан әкімі Рүстем Дәулетке және біздерге қолдау көрсетіп жүрген ауыл әкімі Рамазан Малиевке рақметімді айтамын, — дейді алты баланың анасы Айман Арынова. 1600000 теңгеге алынған үйдің 4 бөлмесі, 35 сотық жері бар. Демеушілердің айтуынша, алдағы уақытта үйге қосымша бөлмелер салып беру жоспарда бар.
Осыдан кейін құттықтау легі Булар батыр ауылында жалғасты. Мұнда жалғызбасты ана Софиян Исхароваға үй берілді. Баспаналы болғандарды Лугмар Буларов және ауданның Құрметті азаматы Төле Сүгірбай құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді. Төле Аманжолұлы Софиян Исхароваға салтанатты түрде үйдің кілтін ұсынса, ұлттық киім киген әжелер шашу шашты.
6 бөлмелі үйдің 15 сотық жері бар, барлық жағдайы жасалған. Баспаналы болғанның қуанышын жасырмай, көпшілікке алғысын айтты.
— Менің күйеуім жол апатынан қайтыс болып, екі баламмен жалғыз қалдым. Қиын жағдайға тап болғанымды естіген ауыл тұрғындары ақша жинап, осындай керемет үйді алып берді. Осы істі атқарған, қол ұшын көмегін аямаған барша азаматтарға алғысым шексіз, — дейді үй иесі.
Айта кету керек, осы аймақтағы «Асар» жобасын «Вынхуа» дүнген мәдени орталықтарының қауымдастығы бастап, оған жергілікті кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары және де қарапайым ауыл тұрғындары ақша аударып, игі істерді атқаруға ниет білдірді. Қоғамдық қауымдастықтың жетекшісі Айша Идыбоның айтуынша, асар дәстүрі мұнымен тоқталмай, жалғасын табатын болады. Жақын арада мұқтаж жандарға тағы баспана сыйлау жоспарлары бар.

Жауап Қалдырыңыз

Your email address will not be published.