Татулықтың тұтқасы – бірліктің бесігі
Дүнген халқы қай кезде де бірлік пен татулықты ту еткен ел. Бүгінде Жамбыл облысы Қордай ауданы Сортөбе ауылында 25 000 дүнген тұрып жатса, Масанчида 18 000 дүнген қоныс тепкен. Ауқатты мен Қарасуда да 5-6 мың дүнгеннен бар. Бір сөзбен айтқанда Қазақстанда 65 000-дай дүнген мекен етсе, соның 60 000-ы Қордай ауданында құтты қонысын тапқан.
Дүнгендер қазақ жеріне 1878 жылы қоныс аудара бастады. Сол тұста Қытай мемлекетінде үлкен соғыс өрті тұтанып, дүнгендер аспан асты елінің Шэньси провинциясынан қаша бастайды. Алайда сол аймақтан небәрі 200-300 шақырым қашықта орналасқан Иран, Ауғанстан, Пәкістан сынды ислам мемлекеттеріне бармай, бүкіл Қытай мемлекетін бойлай 6 000 шақырым қашықтықта орналасқан Қазақстанды бетке алған. Бұның себебін бүгінгі тарихшылардың бірде-біреуі тап басып айта алмауда.
Қытайдан қашқан дүнгендер 16 жыл бойы қуғын-сүргін көрген. Осы жылдар ішінде олардың саны 1 миллион адамға дейін кеміген. Алайда қазақ жерін басқанда дүнгендер құтты қоныс тапқанын сезген.
Тағдырдың тәлкегінен әбден азап шеккен дүнгендерді сол тұста Ноғайбай би жылы құшақпен қарсы алып, тарихта Қарақоңыз атанып кеткен жерді береді. Осы мекенді дүнгендер құнарлы аймаққа айналдырып, нәсібін қара жерден тауып жейді. Сайын даланың дүбірін қайнатып жатқан дүнгендерді алыстан көрген қазақтар әу баста оларды қара қоңызға теңеген екен. Осылайша тарих бетінде «Қарақоңыз» деген ауыл пайда болған.
Бүгінгі Масанчи ауылының бұрынғы атауы — «Қарақоңыз». Қарақоңыз елді мекенде еңсесін тіктеген халықты менің атам Бұлар батыр Сортөбеге бастап барады. Аталған елді мекеннің қазығын қаққан Бұлар батыр бұл болашаққа салынған жол деп бағамдап, 1910 жылдардағы ашаршылық, ұлы жұт кезінде ауылға 40 киізүй тігіп, жетім-жесірлерді, аш-жалағаш халықты 3 жыл бойы асыраған. Сол үшін де оны Бұлар батыр атап кеткен. Ол тарихта дүнгендерге ғана емес, қазақ пен қырғызға ортақ батыр саналады.
Бұлар батыр қиын қыстау кезеңнің өзінде қара халыққа қамқор бола жүріп, ертеңгі күнді ойлап үлкен канал қаздырған. Аталған каналды Қаракемерден бастап Масанчиге дейін 3 жыл бойы жүргізген. Бүгінгі күнге дейін Сортөбені жергілікті тұрғындар дүнгенше «Щинчу» — «Жаңа өзен» деп атайды. Міне, сол уақыттан бергі 150 жылдың бедерінде қазақ-дүнген бірге тату-тәтті ғұмыр кешіп, бір-бірімен құдандасып, Ұла Отан соғысын да бірге жүріп өткен. Бір ғана Сортөбе ауылынан 300 дүнген майданға аттанған. Олардың жартысы оралмады.
Дүнген балалары Отан алдындағы борышын өтеуден де қашқан емес. Соңғы деректі ғана келтірсек, 2019 жылы 27 дүнген әскерге аттанса, 2020 жылы олардың саны 38-ге жетіп, 30 пайызға артты.
Мемлекеттік тілге де дүнген ұлтының құрметі шексіз. Бұған дейін де Масанчи, Ауқатты, Сортөбе, Бұлар батыр ауылдарында қазақ мектептері жұмыс жасаса, жаңа оқу жылында 41 қазақ сыныбы ашылып, 920 бала тәлім алуда.
Тағы бір айта кетерлігі, 150 жылдың бедерінде қазақтар дүнгендерді тыңайтқышпен қамтамасыз етсе, олар көкөніс егіп, ауылдағы ағайынмен ырыздығын бөлісті. Осылайша жұдырықша жұмылған жұмыстың нәтижесінде өндіріс өрістеп өсті.
«Еңбек — бәрін де жеңбек» дейді қазақ даналығы. Қазақ пен дүнгенді ең әуелі осы еңбек біріктірді. Дүнгендер қазақтарға көкөніс егу мен жылыжай шаруашылығын үйретсе, қазақтар дүнгендерге мал бағудың қыр-сырын көрсетті. Сондай-ақ Құрбан айтта бір ғана Сортөбе ауылында 2600 бас қой сойылда, өзге дүнгендер тұратын ауылдарды қосқанда 5000-нан аса ұсақ мал құрбандыққа шалынады. Бұл да қазақ-дүнген халқының еңбекте де, дін мен ділде де танымы мен түсінігі бір екенін көрсетіп тұр. Және осы таңға дейін оның қадірін ұлттар ұғынды. Алайда кейінгі кездері осынау бірлігімізге сызат түсіру мақсатында түрлі топтар жымысқы ойларын жүзеге асыруда. Батыстық басылымдар ауыл ағайындарының арасына араздық салу үшін «қазақтар өзге ұлт өкілдеріне қысым көрсетіп жатыр» деген сыңайдағы жалған ақпараттар таратуда. Алайда бұның барлығы шындыққа жанаспайтынын көзі қарақты халық көріп отыр.
Мен бала кезден қазақтармен бірге өстім. Анам қазақ болса, әкем дүнген. Атам Бұлар батыр болса, әжем қазақ ұлтынан шыққан. Бір сөзбен айтқанда қазаққа жиенмін. Әлі есімде, балалық шағымда ауылдағы бір той қазақы ән-би мен ұлттық салт-дәстүрсіз өтпейтін. Және қуанышқа тілі мен түріне қарамай, барлық ұлт өкілдері атсалысатын. Мәселен мұсылмандықтың үлкен тойы сүндет тойда өзге ауылдардың адамдарын шақырып, көкпар шаптырып, бәйге тартатынбыз. Ал үйлену тойларында өзбек, әзірбайжан, дүнген, қазақ ұлттарының әндері шырқалып, алауыздық болмайтын. Бұл біздің бірлігіміз бен біртұтастығымызды айқындап тұрды.
Өткен күннің өлшеміндегі тағы бір ұлы оқиға – 2013 жылы дүнгендердің қазақ жеріне қоныс аударуына 135 жыл толуына орай үлкен велошеру ұйымдастырылды. Қытай Халық Республикасының Сиань қаласынан Жамбыл облысы Қордай ауданы Масанчи ауылына дейінгі халықаралық велошерудің ұзындығы 6300 шақырымды құрады. Оған мені ұйымдастыру комитетінің төрағасы етіп сайлап, біз Қазақстан-Қытай шекарасына жеткенде әрбір үйге кіріп, ақсақалдардың иығына шапан жаптық. Сондай-ақ дүнген ұлтына қиын-қыстау кезеңде көрсеткен қамқорлықтары үшін «Сіздерге мың тағзым. Әрдайым құрмет дүнген халқынан. Ноғайбай бабамыздың берген жері мен нан-тұзына шексіз алғыс айтамыз. Қазақ халқының жақсылығын ешқашан ұмытпаймыз» деп өзіміздің жүрекжарды сөзімізді де жеткіздік.
Ал велошеруіміз қайта Масанчи ауылына оралғанда ««Ең қиын сәттерде көмек берген Ұлы Қазақ халқына мың алғыс»» деген жазбамен ескерткіш тақта орнаттық. Одан бөлек жыл сайын ақсақалдар мен жастар жиналып, Ноғайбай бабамыздың басына барып құран оқытуды дәстүрге айналдырғанбыз. 2018 жылы Сортөбе ауылының әкімі болып тұрған кезімде мәдениет үйінің жанына Ноғайбай бидің ескерткішін қойғыздым. Ауыл ақсақалдары мен жастар жасыл шыршалар отырғызып, демалыс орнын «Достық аллеясы» атадық. Одан кейін киіз үйлер тігіп, мың адамға ас бердік. Бұл біздің Ноғайбай биге деген құрметіміз бен қазақ халқына деген достығымыздың шынайы көрінісі болатын.
Міне, өткен жылғы Қордай оқиғасы осылайша айрандай ұйып отырған ауызбіршілігімізден айырғысы келген теріс пиғылды азаматтардың тірлігі болды. Десе де Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған билік өкілдері барлық мәселені дер кезінде баса білді. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бір жыл тынымсыз еңбек етіп, Қордай ауданын адам танымастай өзгертті. Бұл тұста мен әлеуметтің әлеуетін арттыру үшін жасалған газ, су, жол, мектеп, тұрғын үй құрылыстарын ғана емес, біртұстығымыз бен бірлігімізді сақтап қалған қыруар жұмысты айтып отырмын. Қазір бізге де, бұқаралық ақпарат құралдарына да осы жағын көптеп көрсету керек. Өзгелер егеменді елімізде тек теңдік салтанат құратынын, олардың солақай саясатынан ешнәрсе шықпайтындығын түйсінуі қажет.
Менің Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде ендігі алға қойған мақсатым – ұғыныстыққы ұмтылған ұттардың ұйыстығын сақтап қалу. Бабалар ізімен жүріп, тарихқа таңбаланып жазылған дүнген-қазақ достығын кейінгі ұрпаққа насихаттау. Дүнген халқы ешқашан да қазақ халқынан жыраққа кете алмайды. Себебі біздің қанымыз да, жанымыз да тарихымыз да бір. Біз бауырлас елміз. Қуаныш пен қайғыны қатар бөліскен халықпыз. Бір ғана мысал былтыр Мақтааралдағы жағдайды естігенде дүнген халқы сабыр таба алмай, «Мақтарал, біз біргеміз!» жалпыреспубликалық акциясы аясында 5 миллион теңгеден астам қаржыға 30 тоннаға жуық гуманитарлық көмек көрсетті. Сондай-ақ короновирус індетінің өршіген тұсында ұйымшылдығымызды көрсетіп, көмекке мұқтаж отбасыларға қол ұшын создық.
Ал бүгін 1 наурыз – Алғыс айту күні. Бұл мерекенің біз үшін орны ерек. Қордай ауданының тумасы ретінде мереке күні бірқатар Паламент Мәжілісінің депутаттарын ертіп, Ноғайбай бабамыздың басына барып құран оқытсақ деп отырмыз. Сондай-ақ аудандық мәдениет үйінде әр ұлттың өнерінен шашу шашып, мерекелік кеш берсек деген жоспарымыз бар. Бұл біздің қазақ халқына деген риясыз алғысымыз бен шексіз құрметіміздің белгісі болмақ.
Тағы бір көтерін мәселе — дүнген ұлтының арасында ағайындық некенің орын алып келгеніне байланысты мүмкіндігі шектеулі сәбилердің көп туылатындығы айтылды. Рас, Сортөбеде 39 мүмкіндігі шектеулі жан бар. Ал өзге ауылдарды қоссақ 481 мүгедек азамат тіркелген. Міне, осы тағдырдың тәлкегін кешіп отырған адамдарға көмек беру мақсатында Қордай ауданынан оңалту орталығын ашу туралы ұсыныс көтерілуде. Бұл бастамаға Жамбыл облысының әкімі Бердібек Машбекұлы да қолдау білдіріп отыр. Мәжіліс депураты ретінде мен де осы жобаның жүзеге асуына бар күшімді саламын. Мұнда тек дүнген ұлттары ғана емес, барлық ұлттың азаматтары емделе алады.
Халық қалаулылары Парламент мінберінде отырса да, Ауыл – біз үшін алтын бесік! Тілеуіміз де, жүрегіміз де ауылдағы ағайынмен бірге. Ең басты мақсатымыз — ұлттар мен ұлыстар арасындағы татулық пен бірлікті мәңгілік мұраға айналдыру.
Ильяс Буларов,
ҚР Паламенті Мәжілісінің депутаты