А. Мамин: Қазақстан жоғары сапалы және экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімінің сенімді жеткізушісіне айналуы тиіс
Үкімет отырысында ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік мәселесі қаралды. Ағымдағы жағдай мен қабылданып жатқан шаралар туралы ҚР ауыл шаруашылығы министрі С. Омаровтың, өңірлер әкімдерінің баяндамалары тыңдалды.
Қорытындылай отырып, ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасын іске асыру аясында Үкімет алдында 2022 жылға дейін өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын кемінде 2,5 есе өсіру міндеті тұрғанын атап өтті.
«Ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз ету қажет», — деді А. Мамин.
2017 жылы Қазақстанның барлық өңірлері аусылдан таза аймақ мәртебесін алды. Осының арқасында, Иран, БАӘ, Сауд Арабиясына мал шаруашылығы өнімдерінің экспортына қойылған шектеу алынды, тиісті шарттар келісілді. Қазіргі таңда Израиль, Қытай, Оңтүстік Корея және тағы да басқа елдермен осы бағытта келіссөздер жүргізілуде. Биыл наурызда қазақстандық фитосанитарлық қызмет 30 ұн кәсіпорнын тексеріп, олар ҚХР бидай ұнын экспорттаушылар тізіміне енгізілді.
«Ветеринарлық және фитосанитарлық кедергілерді алу және өткізу нарықтарын кеңейту бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Қазақстанның жоғары сапалы және экологиялық таза өніммен қамтамасыз ететін сенімді көзге айналуға барлық әлеуеті бар», — деді А. Мамин.
Осыған орай, Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлердің әкімдерімен бірлесіп келесі мәселелерге ерекше назар аударып, нақты шараларды қолға алулары қажет. Атап айтқанда:
- тұрақты эпизоотиялық ахуалды қамтамасыз ету;
- мал қорымдары орындарының ветеринарлық-санитарлық талаптарға сәйкес болуы;
- егіс алқаптарын зиянкестерге қарсы өңдеу шараларын уақытылы қабылдау;
- тиімді ветеринарлық және фитосанитарлық бақылауды қамтамасыз ету.
«Бұл ретте, Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен өзара саудаға қатысты жасалынған келісімдер аясында тиісті рәсімдерді жүргізу қажет», — деді ҚР Премьер-Министрі А. Мамин.