Ultimate magazine theme for WordPress.

Жазу өнерінің жампозы

153

Арнаольд Мэтью «Журналистика – жол-жөнекей жазылатын әдебиет» деген тұжырым жасапты. Әлбетте, журналистика әдебиет емес екені әлімсақтан аян. Әйтсе де осы салаға келетіндердің көбі балалық шағында, жалын атқан жастық дәуренінде әдебиетті көп оқитыны, ізденетіні белгілі. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Жарылқасын Нұралиев те балалық балдәурен шағынан ізденістің ізіне түскен жан.

– Талас ауданына қарасты Қаратау қаласында 1959 жылы дүниеге келдім. Мен кішкентай кезімнен газет оқитынмын. Анашым басылымдарға жазылғандықтан, үйге газет келіп тұратын. «Советский спорт» бастаған басылымдарды ала таңнан күтіп отыратынмын. Алайда ол кезде журналист боламын деп ойламадым. Карл Маркс мектебінде білім нәрімен сусындап жүрген кезімде, дұрысы, 9-10-сыныпта оқып жүргенімде санамды түрлі ойлар торлады. Мектеп бітірген соң қайда оқуға түсемін деп бас ауырттым. Техника атаулыға жоқ адаммын. Әдебиетке, тарихқа жақындау болдым. Сол кездегі ҚазМУ-дың Заң факультетіне түсем бе деген ой болған. Алайда аттестаттағы бағаларымның балы жетпеді. Сонда журналистика факультеті бар екенін білдім. Темірбек Қожекеев – декан. Алайда тіршілігін тілшілігімен қамдайтын мамандықта білім алу үшін шығармашылық конкурста бақ сынайсың. Мінездемең, он шақты мақалаң жарық көргенін нақтылайтын газеттерің болуы керек. Менде ол жоқ. Содан Алматыда нағашыларымның үйінде тұрып, бір жыл жұмыс істедім. Келесі жылы оқуға түстім. Үлкендердің айтуымен автомектепті бітіріп, жүргізуші куәлігін алдым. Қаскелеңде дайындалдым. Аудандық басылымнан мінездеме алып, оқыдым, – дейді ол қызығы мен шыжығы мол журналистика мамандығына қалай түскені туралы тебіреніп.
Жақаң оқу бітіріп, әскерге барып келген соң қазыналы Қаратауына атбасын бұрады. Кейіпкеріміздің айтуынша, ол кезде өзге аудандардың меншікті басылымы болғанмен, Қаратау мен Жаңатаста (олар облыстық мәндегі қалалар еді) жергілікті газет жоқ көрінеді. Күндердің күнінде ардақты ағаларының бірі – Мақсұтбек Сатымбеков шақырып алып, Красногор ауданына жұмысқа бару туралы ұсыныс айтыпты. Отарбаға жайғасып, уәделі уақытта әлгі жерге барып, мұнда әлеуметтік жағдай қарастырылмағанын байқап, қолын бір сілтеп кері қайтады.
«Қаратау» өндірістік бірлестігінің басқарушылары Жаңатаста болатын. Бұл жерде идеологиямен айналысатын азамат бар шығар деген оймен бірлестік ғимаратына бет алады. Ондағы үгіт-насихат бөлімін көреді. Бірлестіктің дербес радиосы да бар екен. Мұнда басшылық жасайтын Марк Вишневский құшақ жая қарсы алып, өн бойында жастықтың оты алаулаған жас журналисті қолтығынан демейді. Жиырма үш жасар Жарылқасын Нұралиев күнде таңғысын автобуспен Жаңатасқа қатынап, жұмыс істеді. Үш-төрт жыл бедерінде радиода жүргізуші болып, апталық бағдарламаны жаңа сапалық деңгейге көтерді.
– Ол кезде «Знамя труда» басылымының беделі зор. Қаратауда меншікті тілшісі бар. Милонов деген кісі сол қызметті атқарды. Алдында «Знамяға» барып, басшысына жолыққан болатынмын. Николай Токарев басқаратын. Жұмыс сұрағанымда бос орын жоқтығын айтып, арқамнан қағып, шығарып салған еді. Бір күні сол меншікті тілшінің орны босағанын естідім. Редактор Михаил Ивановичке келдім. Ол кезде «Знамяның» тиражы 70 мыңға жеткен. Редактор «Казахстанская правдада» бас редактордың орынбасары қызметін атқарған беделді кісі. Өзімен бірге сайдың тасындай іріктелген мықты жігіттерді жұмысқа қабылдапты. Бас редактор маған бір тапсырма берді. «Орындасаң, көреміз» деді. Жылда жазылатын қысқа дайындық тақырыбы ғой. Жаңатасқа бардым да, мәліметтерді алып, сын мақала жаздым. Мақала шықты. Бір-екі күннен соң қалалық комитетке шақырады. Бірінші хатшы – Төлеухан Оспанбеков. Идеология жөніндегі хатшы Галина Матвеева екен. «Абайласаңшы» деді ондағылар. Үш-төрт мақала жазған соң бас редактор ұнатып, жұмысқа алды. Қуандым. Ол кезде басылымдардың беделі зор еді. Арғынбай аға «Еңбек туында» басшы. Меншікті тілшіліктен де жадайсың. Қаратау мен Жаңатасқа әбден сіңіп кеттім. Бәрі таныс, туысқан. Сын мақала жазу қиынға айнала бастады. Содан «Знамяның» аппаратына келдім. Бірнеше жыл тілші, ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі болып еңбек еттім. 1996 жылы Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері атандым. Жас болған соң редактор мені жан-жаққа жұмсап жіберетін. Тапсырмаларды тастай қылып орындадық. Талас ауданындағы бір совхоздың директорын сынап жаздым. Обкомның пленумы өтіпті. Сол жылдары Клочков деген кісі екінші хатшы қызметінде еді. Редакторым маған қоңырау шалып: «Сенің мақалаңа қарап, әлгі директорды қызметінен алып тастапты» деді. Қысқасы, «Знамяда» 12 жыл қызмет етіппін. Айлық жетпейді. Әрекет ету керек. Содан кітап жазамын деп шештім. «Кто есть кто» деген үш кітабым шықты. Қазіргі кезде жаңасын әзірлеудемін. Күнкөру үшін кәсіп меңгеруге тура келді. Балалар өсіп келе жатыр. Қанша дегенмен бизнесмен болмағандықтан, журналистика өзіне тартып тұрады екен. «ШИТ» деген газет болған. «ШИТ» фирмасы бар еді. Шамсат Исабеков директоры. Солар ашқан басылым. Сол басылымда редактор болып еңбек еттім. Кейін «Южный экспресс» газетіне редакторлық еттім. Осы басылымның таралымын бір жылда жеті мыңға жеткіздік. Ол кезде «Новый регион» мен «Магнолия» дүрілдеп тұрған. Сын мақалалар жиі жазылды. Алайда директоры бізге сенбеді ме, ауыстырып жіберді. Кейін тиражы азайып, газет жабылып қалды ғой, – дейді Жақаң өткен күндерден сыр шертіп.
Жарылқасын Нұралиев кейін «Юридическая» басылымының Жамбыл және сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облыстарында меншікті тілші қызметін де атқарды. Уақыт өте келе, «Медиа Юг» деген ЖШС-ін ашып, «Тараз Times» газетін жарыққа шығарды. Оқырман қолына алғаш тиген кезде аты аталған газет ел тарапынан кәдімгідей қызығушылық тудырды. Бірнеше жыл бойы БАҚ кеңістігінде жұлдызы жарқырады. Онда жарияланған сын мақалалар талай «мен» деген мықтыларды ойландырғаны, толғандырғаны сөзсіз.
– Бізге әуелде бизнесмендер қолұшын берді. Сын мақалаларды аямай жарияладық. Бүгінгі таңда сыни материалдардың азайғаны рас. Бес-алты мәрте сот залынан табылдық. Қит етсе, сотқа беретіндер көп. Қазіргі кезде біз проблемалық мақалаларды көтеріп жүрген жайымыз бар. Әйтсе де, сын мақалаларды жариялауды тоқтатқанымыз жоқ. Қазір блогер деген қаптады. Сондай блогерлердің бірі маған да келді. Тапсырма бердім. Тастай қып орындап отырса, қаламақысын аямай төлейтінімді де айттым. Алайда ойдағыдай орындай алмады. Осыдан-ақ журналист пен блогердің айырмасы байқалып тұрған жоқ па? – дейді кейіпкеріміз толғанып.
Сексен жастан асқанда дүние салған анасы Жарылқасынды аялап өсірді. Қара жұмыс істеп жүрсе де жалғыз ұлын оқытты. Білім нәрімен сусындатты. Ауқаттылардың балалары оқитын әйгілі ҚазМУ-да (қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) Жақаң да оқыды. Жас кезінде бүлік іздеген жоқ, білім іздеді.
Ұзақ жылдар бойы Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалына жетекшілік еткен Жарылқасын Нұралиев төраға Сейітқазы Матаев сол жұмысты ұсынғанда бірден келісімін бере салған жоқ. Облыстық басылымдардың бас редакторларына кіріп, аға буынның батасын алды. Сосын ғана жұмысқа кірісті. Одақтың ауқымды шараларына қатысу үшін елордаға, Түркістанға, Атырауға барды. Өзі ғана емес, делегация құрып, өзімен бірге өңір журналистикасының білгірлерін ерте жүрді. Мерекелерде әріптестерін сыйлыққа ұсынып, марапаттады. Тұрмыстық жағдайы төмен кейбір тілшілерге жарнадан түскен қаржы есебінен материалдық көмек көрсетті.
– Отбасын құрғаныма 35 жыл болды. Жарым Райхан – бухгалтер. Ұлым Мақсат заң факультетін бітірді. Алматыда әділет департаментінде еңбек етті. Кейін бизнеске кетті. Қызым Динара «Тұран» университетін тәмамдаған. Банктерде біршама қызмет атқарды. Қазір сұлулық салонының жұмысын дөңгелетуде. Кіші баламыз Алдияр халықаралық құқықтар факультетін аяқтап, магистратура оқыды. Алматыда бір аудандық сотта еңбек етті. Бүгінде «Болашақ» бағдарламасының пайдасын көрсем деп, оқуға дайындалуда. Ағылшыншасы жақсы. Бес немереміз бар. Алдиярым бала шағынан өлең жазатын. Бәрі Төле би мектебін бітірді. Шыны керек, журналистика қиын екенін білген соң балаларымды тартқан жоқпын. Түсіндірдім.
Мен кеңес одағы дәуірінде коммунистік партия қатарында болғанмын. Ол кезде партияға өту қиын еді. Төрт жыл бұрын ұсыныс келді. Қазақстан коммунистік партиясының осындағы жетекшісі болу туралы ұсыныс түскенде әуелде бас тарттым. Ойлана келе келістім. Келген кезімде кеңсесі айдалада еді. Орталыққа көшірдім. Баннер ілдім. Жиһаз алып, жұмыс істеудеміз. Төрт адам еңбек етудеміз. Шенеуніктердің дені коммунистік партиядан шықты ғой кезінде. Кейбіреулері өткенін ұмытқан. Былтыр комсомолдың 100 жылдығын тойладық. Екі-үш кісіге медаль берейін десек, қашады. Қасындағылар бұл әрекеттеріне шамданып: «комсомолдан шығып едіңдер ғой» деп беттеріне басып айтып тастады. Қазан төңкерісінің 100 жылдығын да өткіздік. Мейрамханаға ардагерлерді шақырдық. Облыс әкімінің сол кездегі орынбасары Тимур Жанке келіп, сөз сөйледі. «Шапағат» деген қорымыз бар. Киім, аяқ киімдер келеді. Оны елге таратамыз. 100 жиынтық мектеп формасы келген, оны бір ғана адамға айтқанбыз. Ертесіне адам қаптады. Кеңсе тауарларын тапсырдық. Жастар біздің кеңсеге бас сұғып тұрады, – дейді Жарылқасын Нұралиев.
Ол барлық немерелерін жанындай жақсы көреді. Десе де, Әлімханын көруге қатты асығады. Бәлкім, ұлдан тараған немересі болғандықтан шығар. Бұрынғыдай әріптестерімен жиі кездескеннен гөрі, немересін иіскеп отырып теледидар көргенді, кітап оқығанды жаны қалайды. Әйтсе де, Көсемәлі Сәттібайұлы, Ақылжан Мамыт, Көкен Оршабеков, марқұм Лесбек Сайлаубек секілді достарын мақтан тұтады.
Қазақта «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деген сөз бар. Жақаң сол сөзді терістегендей көрінетіні рас. Атадан жалғыз туса да, біраз биіктерді бағындырды. Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды. Анасының үмітін ақтады. Ізденуден еш танған жоқ.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Тараз қаласы.

Жауап Қалдырыңыз

Your email address will not be published.