Қазақстан таңдауы – бейбітшілік жолы
немесе Семей ядролық полигоны қалай жабылды?
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әкесі Әбіш ақсақалдың үйінде сонау 1916 жылдардағы әскери винтовка сақталған екен. Нұрсұлтанның әжесі Мырзабала: «Бұл мылтық ағаларымызға ажал, бізге азап болып тиген. Қайғы жамап, сарсылтқан ғой. Енді сол қасірет балаларымыздың басына да келсін дейсіңдер ме? Кемеңгерліктің де, кісіліктің де өлшемі – жамандықты жаныңа жолатпау. Ал жадымыз өзімізбен бірге кетер» – деп қоймаған соң, қарумен қоштасудың көне ырымын жасап, Әбіш винтовканы өкіметке өткізеді, бірақ алты қырлы найзасын алып қалыпты.
Н.Назарбаев өз естелігінде «… Ауыл балалары еңбекке ерте араласады ғой. Бірде балапандарға көк жұлуға барған менің қос алақанымның осылып-осылып кеткенін (өсіп тұрғанның бәрі жоңышқа емес қой) көріп, әжем: «Жауды жеңдік қой, енді соғыс бола қоймас, ал аспап үйде кәдеге жарайды» деп, сол темір найзадан орақ жасауды бұйырды. Шынында да, сол кезде елде өзіміздің де, өзгенің де қару-жарағы жетіп артылатын. Есесіне, кәдімгі қайшы, қалақ, ине-жіп, бұранда… жетіспейтін. Үйге жаңа туған айдай жалтыраған орақ та келіп, шаруаның баласы менің тұңғыш құралыма айналды», деп жазады.
Найзадан жасалған сол орақтың иесі көп жылдар өткен соң Қазақстанның ядролық қарудан ерікті түрде бас тарту туралы шешім қабылдайды. «Президент Н. Назарбаевтың 1991 жылғы 29 тамыздағы полигонды жабу туралы» Жарлығы – халықаралық қатынастар тарихындағы маңызды шешімдердің бірі. Ол күрделі саяси жағдайда және бұрынғы КСРО әскери-өнеркәсіптік элитасының позициясына қарамастан қабылданды. Бұл әлемдік қарусыздану тарихындағы алғашқы және соңғы оқиға болды…», – дейді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз естелігінде.
1947 жылдың тамызында КСРО үкіметінің арнайы қаулысымен «Семей-21» жасырын кодымен құпия қаланы құру туралы шешім қабылданғаны кейін мәлім болды ғой. Ал ядролық полигон тәжірибесіне ұлы Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов өмір сүрген Шыңғыс даласы жазықтығының 18 мың шаршы километрі, Дегелең мен Жаңғызтау алаптары, Ұлы хан шыңы қоса алынды. 1949 жылдың 29 тамызында атом бомбасының алғашқы жарылысы өткізілді. Бірінші атом өндірісіндегі радиоактивті өнімдер өңірдің барлық елді мекендеріне жайылды. Жақын маңдағы ауылдардың тұрғындары радиациялық сәуленің үлкен дозасын қабылдады.
Семей полигоны туралы шындықты қазақстандықтар 1980 жылдардың екінші жартысында қайта құру кезінде ғана білді. Бұған дейін Орталық Комитеттің хатшысы да, Үкімет, республика басшысы да, СОКП ОК Саяси бюросының мүшесі де полигон ісіне араласу түгілі, оған баруға да құқы болмады. Республика басшысы тіпті Байқоңырға да бара алмады.
Ядролық полигон «мемлекеттегі мемлекет» болды. Тұтас қалыптасқан индустрия өзінің көлік паркімен, коммуникация құралдарымен, зерттеу мекемелерімен, жер асты қалаларымен, әкімшілікпен, өнеркәсіптермен және соңғы өнім – Атомдық және термоядролық оқтұмсықтарымен қамтылған.
Семей полигонының проблемаларының ашық қоғамдық талқылауға түсуіне 1986 жылы Чернобыль АЭС-індегі апат себеп болды. 1949 жылдан бастап 456 ядролық жарылыс туралы таңғаларлық фактілер алғаш рет жұртшылыққа мәлім болды. Экологияға және қазақстандықтардың денсаулығына келтірілген алапат зиян туралы айтылды. Семей, Алтай өлкесінің, Павлодар облысының және басқа да елді мекендердің тұрғындары өмір сүруді және жұмыс істеуді, таңдандырған аурумен ауыруды және «дұрыс» диагноздармен өлуді жалғастыра берді. Ал бума-бума құпия құжаттар мен сәулеленуге ұшыраған адамдардың ағзасының медициналық ауытқулары, мутациялары мен ақаулары туралы куәліктер Мәскеуге тікелей «деректерді одан әрі өңдеу мен талдау» үшін жөнелтілді.
Сол күндері бүкіл Қазақ КСР-інің сол кездегі прогрессивті қоғамы және бүкіл халық Совет одағының үлкен де қуатты әскери-өнеркәсіптік кешеніне қарсы тұрды. Семей ядролық полигоны туралы шындық біртіндеп сыртқа шықты. Алайда Чернобыль апатынан кейін бірнеше ай өтпей жатып-ақ, орталықтан Семей полигонының аумағын кеңейту туралы нұсқау түсті.
Н.Назарбаевтың естелігінде былай дейді: «…Сол кезде мен республика Министрлер кеңесінің төрағасы болдым. Жан жүрегіммен ашуланған мен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Г.В.Колбинге қоңырау шалдым, өкінішке қарай ол өз келісімін бергенін айтты, бұл мені таңғалдырды. «Не болды? Мәселе бар ма?» деп ештеңе болмағандай сұрады. Мен проблемалар бар екенін және өте үлкен екенін түсіндірдім. «Егер қарсы болсақ, екеумізді де жұмыстан алып тастайды ғой», – деді Колбин. Дегенмен менің сөздерім әсер еткен болуы керек. Әңгіме соңында: «Жақсы, онда оларды өзіңіз тоқтатуға тырысыңыз…», – деді».
Мәскеуге республикадағы нақты жағдай, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларының қайталануына алып келетін, бірақ кең ауқымда, әлеуметтік шиеленістің өсуі туралы аналитикалық және қызметтік жазбалар жіберілді. Орталықтан « … осы арқылы, қолда бар деректер бойынша ССП-ге жақын тұратын қарапайым тұрғындардың денсаулығына және экологияға қандай да бір теріс әсер ететін жағдайлар немесе салдарлар расталмайтынын хабарлаймыз…» деген сарындағы стандартты жауаптар түсіп жатты.
1989 жылдың 28 ақпанында Семей ядролық полигонында сәтсіз жүргізілген жерасты ядролық жарылысы салдарынан қоршаған ортаға радиоактивті шығарындылар туралы хабарланғаннан кейін, белгілі ақын және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов басқарған «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысқа қарсы бастама берген қарсылық митингісі өтті.
1989 жылы КСРО халық депутаттарының І съезі, алтыншы отырысында Н.Назарбаев – Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы республикалардың өздерінің ұлттық мүдделері бар екенін алғаш рет мәлімдеді. «…Айта кету керек, регламент қатаң. Съезде төрағалық етуші Михаил Сергеевич Горбачев қолындағы көзілдірік әйнегін жалтылдатып өте мұқият тыңдап отыр, оның көзқарасынан – жариялылық жариялылықпен, әр нәрсенің шегі болу керек дегенді түсінгендейсің. Орнымнан тұрғанда ойладым, барлығын айтуға, әсіресе басты мәселені айтуға үлгеремін бе? Трибунадағы сөзімнен кейін, Семей полигоны жайында айтқым келеді дедім. Семей полигоны 1949 жылдан іске қосылған, енді жарылыс атмосферада да басталды. Айналасындағы халық саны содан бері төрт есеге өсті. Әскерилер сынақтың адам баласына зияны жоқтығын айтып әлек. Біз, бұл бүгінгі күннің мемлекеттік қажеттілігі екенін түсінеміз. Бірақ атом жарылыстарының қоршаған ортаға әсеріне шынайы, терең талдау жасап, бұл туралы адамдарға айту керек…», мен халық депутаттары арасында, әсіресе әскери формадағылар тарапынан қызу толқынды қозғалысты сездім. Бір нәрсе сәл өзгерген сияқты. Менің баяндамам мен сөзімнен кейін не өзгергенін түсіндім, қарым-қатынас өзгерді. Еліміздің басты стратегиялық объектісіне қастандық жасалды! Содан кетті дейсің, кетті. Құлуарда не естімедім. Үйдегі ұрыс-керісті сыртқа жайыппын. Саяси «капитал» жинаппын, сатылыппын (кімге екені нақтыланбады) және ең басты «ауыр» айып – біздің державаның қорғаныс қабілетін бұзыппын…».
Қазақстанның Тұңғыш Президенті осылайша екі оттың ортасында жүрді. Апта сайынғы Мәскеуге шақырту, бірде СОКП ОК хатшысына, әскери-өндіріс кешенінің жетекшісі О.Баклановқа, бірде үкімет төрағасы Н.Рыжковқа, ақырында КСРО ОК Бас хатшысы М.С.Горбачевке түсініктеме беру, қорғану, дәлелдеу, дәйектеу үшін барды.
Алайда Нұрсұлтан Назарбаев өзінің принципті ұстанымынан айнымады. Қазақстандықтардың Семей полигонын жабу туралы талаптары бірте-бірте қолдау таба бастады. Бұл туралы Елбасы өз естелігінде: «…Алдын ала полигонға бардым, соңғы жерасты ядролық жарылыс болған жердің ортасында тұрып – КСРО басшылығының келісімінсіз ядролық полигонды жабу туралы мәселені талқылау бойынша парламенттің арнайы сессиясын шақырту туралы хабарладым.
Сессияға әскерилер және ғалым-ядрошылар табандылықпен қатысуға сұранды. Бұл түсінікті де, олар депутаттардан полигонды жаппауды сұрайды. Игіліктерден дәмелендіреді, ядролық жарылыстың және тағы басқа қауіпсіз екені туралы айтады. Бірақ оларды сессияға кіргізбедім. Мәселе тек қазақстандықтармен шешілуге тиіс. Таңнан басталған талқылау кешке дейін жүргізілді. Барлығы тыңдалды. Депутаттардың кейбір бөлігімен «ядролық лобби» жақсы жұмыс істегені байқалды. Қорытынды бөлімде, тек кейбір депутаттар ғана емес, тіпті Семей облысының кейбір басшылары, сынаққа әбден қарсылар аймақ үшін қомақты материалдық көмек алу мақсатында бірнеше сынақ өткізуге рұқсат беруді сұрады. Мұндай бос уәде, бұрын да аз болған жоқ…», дейді.
Н. Назарбаев өзінің қорытынды сөзінде жауапкершілікті өз мойнына алатынын айтты. Өз өкілеттіктерін пайдалана отырып, Қазақстан халқының еркі бойынша, Ұлт болашағы алдындағы жауапкершілікті сезіне отырып және мемлекеттілік мүдделеріне жауап бере отырып, 1991 жылғы 29 тамыздағы Жарлықпен Семей ядролық сынақ полигонын жабық деп жариялады!
Иә, Қазақстанның жолы – бейбітшілік жолы. Көпполярлылық, бейбітсүйгіштік – Қазақстанның бүгінгі күнгі сыртқы саяси қызметінің мазмұнын анықтайтын негізгі постулаттары. Сабақтастық жолын таңдаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы бағытын жалғастыратынын айтты.
Раиса РЫСҚҰЛБЕКОВА,
«Невада-Семей» халықаралық ядролық қаруға қарсы қозғалыс қоғамдық бірлестігінің Жамбыл филиалының директоры.