Ultimate magazine theme for WordPress.

Тау алыстаған сайын асқақтай түседі

152

Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, еліне тұтқа, жанашыр, қамқоршы болған айтулы тұлға Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың өмірден озғанына биыл 26 жыл толып отыр. Адамгершіліктің, кішіпейілділіктің, қарапайымдылықтың эталонына айналған осынау Алатау-адамды халқы ұмытпай, туған және өмірден озған күніне орай еске алып, ескерткіші алдына гүл шоқтарын қойып, құрмет көрсетуі дәстүрге де айналып келеді. «Биікке көтерілдім, бірақ халқымнан аласа екенімді ұмытпаймын» деп ұлық болса да, кішік болып өткен алаш ардағының еңбегі де, бейнесі де ел жадында. Таудың алыстаған сайын биіктей түсетіні секілді, ғасыр адамының тұлғасы еш уақытта да аласармақ емес.
Үстіміздегі жылдың 24 тамызы күні Алматы облысы Қарасай ауданындағы Khama Park мейрамхана кешені аумағындағы атшабарда кезінде Д.Қонаевтың күзет қызметінің басшысы болған, генерал-лейтенант Аманкелді Шабдарбаевтың ұйымдастыруымен ат шаптырылып, 2000 адам қатысқан үлкен ас берілді. Бұл мұнда осымен үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған еске алу шарасы екен. Оған қатысушылардың қатарында есімдері елімізге танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері де мол болды.
Khama Park аумағындағы атшабар маңындағы мәдени шараны Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев ашып, одан әрі ақын, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Нұрлан Оразалин тау тұлғамыздың өмірі мен қызметі, елімізге сіңірген еңбегі, адамгершілік қасиеттері жөнінде тебірене толғады. Бұдан кейін жерлесіміз, ақын Маралтай Райымбекұлы арнау өлеңін оқып берді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері әрі әртісі, әнші Нұрлан Өнербаевтың сырлы да сырбаз әндері де көрермендерді бір серпілтіп тастады. Айтулы күйші-сазгер Секен Тұрысбековтің орындауындағы «Көңіл толқыны», «Ақ жауын» күйлері де Алматы аспанынан нұр селдеткендей хал кештірді. Қарасай аудандық Мәдениет үйі әнші, өнерпаздарының концерттік бағдарламасы да көп көңілінен шықты. Республикалық Д.А.Қонаев атындағы қоғамдық қоры тарапынан көрнекті тұлғаның өмірі мен қызметін насихаттағаны үшін бірқатар азаматтарға «Д.А.Қонаев» ордені мен медальдары осы жиын үстінде табысталды.
Атшабар басына жиналған жұртшылықтың көңіл-күйлері көтеріңкі. Бәрінің де назары қан қыздырып, делебе қоздырар бәйге қызығына ауулы еді. Қазекеңнің бәйге, көкпар десе ішкен асын жерге қоятындай атқұмарлығына осы жолы тағы бір рет көз жеткізгендей болдық. Кіл жүйріктердің жарыс жолында іркес-тіркес созылып, көсіле шапқанын жақыннан айыздары қанғанша көріп, тамашалағысы келді ме, олардың орындарынан өре түрегелісіп, аттардың алдына шығып кеткендері де болды. Көз алдарынан жұлдыздай ағып өткен тұлпарларға дем беріп, қиқу қосады, баяғы.
«Ат – ер қанаты» деп санайтын елденбіз ғой. Шынында да топ бәйгеде де, құнан бәйгеде де шабандозы ауып, құлап қалса да, дүбірден қалмай соңғы мәреге дейін жарыс жолынан айнымай, шапқан қос күрең аттың қылығы таңдай қақтырарлықтай болды. Оның біреуі топ бәйгеде мәре сызығын екінші болып қиып өткен сәйгүлікпен қапталдас келді. Ал 48 ат қосылған он айналымдық аламан бәйгеде өзге аттардан бір айналым алға озып, қара үзіп шыққан «Жауқазын» деген жүйріктің көмбеге жарты айналым қалғанда сүрініп кетіп, жарыс жолынан шығуы тіпті өкінішті болды. Құйрық, жалы сүзілген хас тұлпарлардың сұлулығына, сымбатты тұлғаларына көз тоймайды-ау! Әсіресе олардың мәре жолын қиып өткенде жондарының жылт-жылт еткен терге малынуы ғажап-ақ көрініс. Олар да иелеріне жеңіс сыйлау өздерінің міндеттері екенін «түсінетін» сияқты. Бұдан да жылқы мен қазақтың бір-біріне жақындығы, адалдығы менмұндалайды.
Топ және құнан бәйгелердің шын жүйріктері анықталып, ақшалай марапаттары тапсырылғаннан кейін аламан бәйге басталған. Елу шақты ат қосылатын арақашықтығы да ұзақтау бұл жарыстың «мыңнан жүйріктері» мәреден шыққанда, атшабар толы жұрт қиқулай үн қосып, ілкі дүрлігіп кетті. Бәйгенің соңғы кезеңін олар аяқтарынан тік тұрып тамашалады десе де болады. Ат жарыстың қызығы да осынысында.
Аламан бәйгеде бірінші болып мәре сызығын Алматы облысы, Ұзынағаш ауданының Ғалым Елеусіз баптаған №47 «Ботақара» атты жүйрігі кесіп өтіп, 5 миллион теңгелік жүлдені жеңіп алды. Екінші орынға Бота-Ақтай атшабарының № 1 «Айару» атты жүйрігі ие болды. Оның иесіне 2 миллион теңге берілді. Үшінші жүлде (1 миллион теңге) «Чекист» аталатын тұлпардың иесі қордайлық Есбол Шынтасовтың қанжығасына байланды. Төртінші жүлде №2 аттың иесіне бұйырды. Аталған жүлделерді Н.Оразалин, О.Сәбденов, Ж.Үшкемпіров секілді елімізге танымал азаматтар табыстады.
Бұдан кейін Khama Park мейрамханасында ас беріліп, айтулы тұлғаның әруағына құран бағышталып, қатысушылар Д. Қонаев туралы әдемі естеліктерімен бөлісті.

«Aq jol-Aqparat».

Жауап Қалдырыңыз

Your email address will not be published.