Мемлекет басшысы облыс әкімін қабылдады
Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовті қабылдады. Мемлекет басшысына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері мен мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы туралы баяндалды.
Қазақстан Президенті азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыру мақсатында әділ әлеуметтік саясаттың жүзеге асырылуына басымдық беру керек екенін атап өтті.
– Облыс басшылығынан аталған мақсаттарға жету бағытында бастамалар мен нақты шаралар қабылдау талап етіледі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Жамбыл облысын одан әрі дамыту туралы бірқатар нақты тапсырмалар берді.
* * *
Иә, редакциямызға келіп түскен мәліметтерге сүйенсек, облыс экономикасының барлық салаларында оң динамика қалыптасып отыр.
2018 жылғы алдын ала деректер бойынша облыстағы жалпы өңірлік өнімінің өсімі 3,7 пайызды (1417,5 млрд. теңге) құрады (жоспар — 103,8%), бұл республика өңірлері арасындағы 8 көрсеткіш (ҚР -104,1%).
Жалпы өңірлік өнімнің құрылымында өнеркәсіп үлесі 17,9%, ауыл шаруашылығы – 10,2%, құрылыс — 8,0%, сауда — 9,9%, көлік -18,2%, байланыс — 0,7%, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар – 7,5% салымдарының өсімі байқалады.
Еліміздің жалпы өңірлік өніміндегі облыстың жалпы өңірлік өнімінің үлес салмағы 2,4%-ды құрайды.
Анықтама ретінде айта кетсек, 2019 жылға арналған статистикалық жұмыстар жоспарына сәйкес (Ұлттық экономика министрінің Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 12 қарашадағы №67 бұйрығы) 2018 жылдың қорытындысы 2019 жылдың 22 тамызында жарияланады.
Қысқа мерзімді экономикалық индикатор үстіміздегі жылдың 4 ай қорытындысымен 101,9% пайызды құрады.
2019 жылдың қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі 102,1%-ды құрап, 154 095,8 млн.теңгенің өнімі өндірілді (оның ішінде кен өндіру өнеркәсібінде – 16753,1 млн.теңге (НКИ – 103,2%), өңдеу өнеркәсібінде – 112127,1 млн.теңге (104,8%).
Ауыл шаруашылығында нақты көлем индексі 102,6%-ды құрады (32 050,8 млн. теңге), оның ішінде өсімдік шаруашылығында – 100,0% (368,4 млн. теңге) және мал шаруашылығында – 102,7% (31 664,5 млн. теңге).
Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 14,6%-ға артты (52427,6 млн.теңге).
Құрылыс көлемі 17477,7 млн. теңгені құрап, 1,2%-ға артты.
Тұрғын үй құрылысында 125,0 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді (бұл 2018 жылдың тиісті кезеңіне 104,8%).
Бөлшек сауда айналымының нақты көлем индексі 104,6%-ды құрады (87 097,1 млн. теңге).
Жүк тасымалы – 0,6%-ға төмендеді, жолаушы тасымалы 3,0%-ға өсті.
Инфляция деңгейі 101,8% деңгейінде қалыптасты (орташа республикалық деңгейінде (ҚР– 101,8%)). Азық-түлік тауарларға тұтыну бағасы 4,8%-ға артты (ҚР– 104,8%), азық-түлік емес тауарлар – 1,1%-ға (ҚР – 101,3%), ақылы қызметтер – 1,1%-ға төмендеді (ҚР – 98,8%).
Халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыстары 2018 жылдың 4 тоқсанында 65056 теңгені құрап, 2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда атаулы көріністе 11,1%-ға, нақты 5,6%-ға артты.
Орташа айлық атаулы жалақы 2019 жылдың 1 тоқсанында 112,3 мың теңгені құрап, атаулы көріністе 9,9%-ға, нақты көріністе — 4,6%-ға өсті.
Жұмыссыздық деңгейі 2019 жылдың 1 тоқсанында 4,9%-ды құрады.
2019 жылдың 1 мамырына облыс бюджетінің кірістері 76,3 млрд. теңге сомасында, яғни 106,2%-ға қамтамасыз етілді.
Меншікті кірістер жоспары 20,3 млрд. теңгеге (жоспар 15,9 млрд. теңге) немесе 127,8%-ға орындалып, бюджетке 4,4 млрд. теңге жоспардан артығымен түсті, былтырғы жылдың сәйкесінше мерзімімен салыстырғанда өсім 116,4%-ды құрады (+ 2,9 млрд.теңге).
Облыс экономикасының өсуін оның орталығының күннен-күнге көркейіп келе жатқанынан да көруге болады. Бүгінде облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған игіліктер жамбылдықтар мен олардың қонақтарының ортақ мақтанышына айналған.
Жасай бер, жасампаз Жамбылым!