Ultimate magazine theme for WordPress.

Хайнань ғажайыптары

135

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
жазушы-журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

«ЖОЛ ЖҮРЕМ БҮГІН, 
ТАҒЫ ДА БҮГІН ЖОЛ ЖҮРЕМ…»

Өткенде бір топ ақындар, жазушылар һәм журналистер бас қоса қап, «Ауылға барам, бәрі де туыс ел жақта» деп, әбден әндетіп ек. Сол ән «Жол жүрем бүгін, тағы да бүгін жол жүрем» деп басталатын. Елге ұнаған есті сөзі, әсерлі сазы бар дүние ғой, есімде қап қойыпты. Мына тақырыпты да «Жол жүрем бүгін, тағы да бүгін жол жүрем» деп, сол әннен алып отырмын. Бірақ…
Бірақ менің бұл жолғы сапарым ел жақ емес, шетел жақ болғалы тұр. Оным үшін ешкімде өкпе жоқ шығар маған. Өйткені мен басқа ақындар мен жазушылар, журналистер сияқты Нұр-Сұлтан мен Алматыда тұрмаймын, ауылдағы думанды тойдан да, ақыл-кеңеске толы ойдан да жиі төбе көрсетіп тұратын «жаман» әдетім тағы бар. Тіпті бар ғой, жылтыңдап жиі бара беруден де ыңғайсызданады екенсің ауылға. Сондықтан…
Бұл жолы «Хайнаньға барам, шәйің мен шипаң сол жақта» деп шештім. Егер журналистік жолжазбамнан еліміз бен өңіріміздің дәулеті мен сәулетін арттыруға тамшыдай болса да септігі тиетін пайдалы бір-екі ауыз сөз оқып тұшына қалсаңыздар, онда былтырғы Дубай әсерлеріндей бұл сапардың да сәтті болғаны.
Теңіз ортасындағы алтын теңгедей жарқырап жатқан тропикалық арал Хайнаньды көру қуанышы біз пақырға да басы артық бақыт емес шығар. Жириновский айтпақшы, Үнді мұхитына «шұлғауымызды жумасақ» та (Бір жылдары «біртүрлі» Вовик өзінен-өзі «шала бүлініп» отырып осылай армандап еді ғой), мәдениетті елдің маңғаз азаматтарындай шұлығымыз бен жейдемізді жағажайда қалдырып, Оңтүстік Қытай теңізінің суын «шолпылдатпай» («Үй артында кісі бар» деген) шомылатын шығармыз, Құдай қаласа.
Айтпақшы, курортты аралдағы Санья қаласының «Cactus resort Sanya by Gloria» қонақ үйіне түсетін шығармын деп жоспарладым. Онысының «Кактус» дегеннен басқасын түсініңкіремеймін. Ағылшын тілінен тағы қиналатын шығармын, сірә. Былтыр Дубайда жүріп «Қап, осыдан туған жеріме аяғым тие салысымен ағылшынша курсқа жазылмасам ба!» деп, кіжінгенім бос сөз екен. Бір жыл өте шықты. Білетінім сол баяғы «Хай», «О, кей», «Хау мач» «Сорри» деген сөздер ғана. Бірақ кейбіреулерге қарағанда мұның өзі мен үшін әжептәуір «прогресс».
Бірақ «бақ десе де, шақ десе» де ат құйрығын кесіспейтін өзіміздің сырмінез сары орыстарымыз, Сібірден келгендері бар, Тверьден жеткендері бар, Хайнаньда қаптап жүр деп естимін. Мен білетін сол «орекеңдер» аман болса, хайнаньдық ханзуларды орысшаларына үйретіп, көп ұзамай қазақстандық қара домалақтарың да кеп қалар дегендей, дайындап қойған шығар ендігі.
Сонымен…

АСПАНДАҒЫ АЛТЫ 
САҒАТ ТЫҢ АУЫРЫ-АЙ…

Шілденің 17-ші жұлдызы күні түс қайта Хайнань аралына кеп топ ете түстік. «Топ ете түстік» дегенім қыздырманың қызыл сөзі ғана, әйтпесе алып таулар мен ұшы қиыры жоқ маң далалардың үстімен алты сағаттан астам уақыт ұшу дегеніңіз оңай шаруа емес.
«Кемедегінің жаны бір» деп жатады ғой осы жұрт, сол сияқты ұшақтағылардың жаны да кемедегілердің жаны сияқты бір шүберекке түюлі болады. Өйткені иллюминатордың ар жағынан ақша бұлттар көзіңді қанша жерден арбап, алдап, қызықтырып әдемі көрінгенімен, аждаһа-ажалға бір-ақ қарыс жақын тұрғаныңды ойлағаныңда айладан бұрын Алланы есіңе алып, жететін жеріме тезірек жетсем екен деп, Жаратушыңа жалбарына бастайсың. Жерден 12 шақырымдай биіктікте және сағатына бәленбай жүзге жуық шақырыммен зулап келе жатқан ұшақтың тосын апаттан амандығын тілейсің. Алып лайнер «әуе шұңқырларына» тап келген сәтте су бетіндегі қалтқыдай бұлтыңдап кеп кетеді. Міне, сол кезде небір бедірейген беттердің иелерінің өздері де «біссіміллә» деп жібергендерін байқамай қалады. Қойшы әйтеуір, сонымен алты сағат өткенде Хайнань аралына да аман-есен табанымыз тиіп, бір «уһ» дедік-ау.
«Аспан асты еліміз» деп, бүкіл көктің астын «меншіктеп» алған Қытай жерінің үстін толайымен көктей өтіп, Оңтүстік Қытай теңізін көркімен көмкеріп жатқан жасыл аралды да көрдік-ау. Аралдың температурасы Қазақстанның оңтүстігінен барғандар үшін аса таңсық емес, бар болғаны +37-ақ градус. Бірақ, бір ерекшелігі, ауасының ылғалы өте мол, тура бір түрік моншасына кіріп кеткендей денең өзінен өзі жіпсіп, терлеп қоя береді. Ал айналаңның бәрі жап-жасыл талдар, жапырақтар, сосын… гүлдер. Таңғалдырғаны да осы талдардағы алқызыл гүлдер болды. Сол талдардың жапырақтарына оранып, көрпе қозыдай бұйығып жатқан таулар да кереметтей көркімен баурайды.
Тау болғанда, біздің Алатау немесе Қаратау сияқты емес, үстін түгелімен жасыл жапырақ қымтап алғандықтан қарауытқан бір құзды немесе қып-қызыл жартасты көзің шалмайды. Ақшаңқан қарға бөккен биік шыңдары да, қарақошқыл тартқан тастары да жоқ. Сондықтан әлгі жасыл желекті Алматының Көктөбесіне ұқсаттым, бірақ бір айырмашылығы Көктөбе жасыл шөпке оранса, Хайнань таулары жапырақтарының бояулары қанық тропикалық талдармен көмкерілген. Гүлдеп тұратын ағаштарының өзі сан алуан. Ондай талдар бізде өсу үшін Қазақстанның ауа райы жыл бойы +37 градус болуы керек шығар. Сосын, әрине, тропикалық жауын-шашыны да міндетті түрде сіркіреп тұруы керек-ау.
Сосын бір байқағаным, тауды жауып жатқан әлгі жасыл жапырақты талдарыңыз кітаптан ғана оқып білетін «джунгли» дегеніміздің өзі екен. Жергілікті жердің тәртібіне етім үйрене келе таулардың етегіне жақын барып қарағанда байқадым, кәдімгі шытырман оқиғалы фильмдерден тамашалағанымыздай, ит тұмсығы өтпейтін қалың жыныстың өзі «мені көр» деп тылсым сырларына шақырып тұрғандай әсер етеді.
Айтпақшы, пальманың ұшар басындағы жапырақтардың астында топ-топ болып кокостар да өсіп тұр. Біздің ел үшін таңсық жемістің ол жақта аяқасты боп, жерде шашылып жатқандары да баршылық. Ресторандарынан бір данасын сатып алып, ішіндегі суын түтікшемен ішіп көріп ем, дәмі онша ұнамады. Содан қайтып кокосқа жолағам жоқ.
Ең бастысы, толқындары жағалауға қарай гүрілдей ұмтылған тәкәппар теңіздің дымқыл демі мен желпуіштей жұмсақ лебі, жасыл желектердің жан жадыратар әсері ме, ауасы сондай саф, сондай керемет: кең тыныстап жұта бергің келеді, жұта бергің келеді.
Елден шыққан кездегі мен аңсаған жанға жайлы шипасы (шәйі туралы кейін айтамыз) да, сірә, осы шығар.

АЛТЫН АРАЛ

Робинзон Крузоның (Даниэль Дефо) елсіз-жұртсыз аралда 28 жыл бойы жападан жалғыз қалай өмір сүргенін енді түсіне бастағандаймын. Хайнань да сол баяғы бала кезден таныс та бейтаныс Робинзон Крузо тап болған арал сияқты ішім-жемі мол мекен екен. Балығы мен шаяны ет ретінде пайдаланылса, жапырағынан шәй, жыланынан шипа ретінде дәрі дайындауға болады. Бұдан басқа біз білмейтін тоқсан тоғыз түрлі жан-жануарлары мен өсімдіктері қаншама десеңізші!
Атақты Гавай аралдарымен бір ендіктің бойында жатқандықтан жұрт аузында «Шығыс Гавайы» аталып кеткен аралды «алтын» деуіміздің де негізі жоқ емес. Өйткені ол минералдық ресурстарға да бай: мысалы, қойнауында темір, титан, циркон, алюминий, тіпті, алтын да бар екен. Сондай-ақ сапфир, тау хрусталі, кварц құмдары да кездеседі деседі.
Хайнань – сөзбе-сөз аударғанда теңіз бен оңтүстік деген мағынаны білдіреді. Қытай елінің үлкен сумен жалғасатын оңтүстігіндегі арал болған соң солай атағандағы енді.
Аралдағы провинцияның әкімшілік орталығы және ең ірі қаласы Хайкоу. Соңғы жиырма жылдың ішінде бұл шаһар 1,5 миллион халқы бар заманауи мегаполиске айналып үлгеріпті. Таңғалдым. Өйткені қарыштап даму бар ма? Бар. Экономикалық өсу бар ма? Бар. Жемқорлық жоқ па? Жоқ. Ішінара бар бола қалса, ондайлар қатаң жазалана ма? Қатаң жазаланады. Мұндай елдерде, әрине, қарыштап даму да, шарықтап өсу, өрге ұмтылған өркендеу де болады.
Аралдағы провинцияда, сондай-ақ Санья (Сәния деп қалмаңыздар) Дунфан, Даньчжоу және Цюнхай атты қалалар да бар. Олар да көркейіп кеткен. Арал кескін-келбетінің аз ғана жылдарда осыншама өсіп-өркендеп кетуін тек қана туризмнен түскен табыстың арқасы десек, әрине, қателесеміз. Өйткені даму мен өсу үшін туризмге қолайлы орта жасалуға тиіс. Ал ол сол елдегі (немесе өңірдегі) тәртіп пен талап, ынта мен ықылас, еңбекқорлық пен ыждаһаттылық, сол еңбекқор да ыждаһатты халықты ұлы істерге ұйымдастыру, ұйытқы болу, кәсібін қаржыландырып, нәсібіне нұсқау көрсету, жақсы өмір сүруге жағдай жасау керек-дүр деген талаптардан тұрады. «Алтын шыққан жерді белден қаз». Арал тұрғындарының саны бүгінде 8 671 518 адамды құрауы да сол жақсы жағдайдан деп ойлаймыз. Мұның таңдай қағатын дерек пен дәйек болатыны, Хайнань 2010 жылғы мәлімет бойынша Қытай провинциялары арасында халқы жөнінен 29 орында тұр.
Бұл нені білдіреді? Бұл – Қытай сияқты дамуды даңғыл саясатқа айналдырған ерен қабырғалы елдің кішкентай ғана аралындағы тұрғындарының өзі кешегі кеңес одағынан бөлініп шыққан «мен» деген кейбір мемлекеттердің халық санынан әлдеқайда көп және экономикалық-әлеуметтік тұрғыдан өте әлеуетті дегенді білдіреді. Бөлінген ақшаны бөрі талағандай жұлмалап, жол-жөнекей жоқ қылатын сыбайлас жемқорлардың аяғына кісен салып, қолын «кесу» де бұл елдің басты ерекшелігі. Өйткені даму жолына деп бөлінген қыруар қаржының бір юаніне дейін желге ұшпауы қатаң бақыланады.
Жемқорлар демекші, Санья қаласын аралап келе жатқан кездегі бір оқиғаны айта кетейін.

ЖЕМҚОРЛАРҒА АРНАЛҒАН КӨЗТҮРТКІ «ЕСКЕРТКІШ» 
БІЗДІҢ ЕЛДЕ ДЕ БОЛСА

Жолбастаушымыз туристерді түгендеген соң жолға шықтық. Бағытымыз акула балығының майынан ем ретінде залалсыз дәрілерді дайындайтын фирма. Сізге өтірік, маған шын, «акуланың майы» деген де дәрі болатынын осында кеп алғаш рет естідім. «Балықтың майы» дегенді білетінбіз енді, бірақ осы жасқа келгенше оны да ішіп көрмеппін.
Жолбастаушының парыздарының бірі – жол-жөнекей сол аймақтағы (қаладағы) көңіл бөліп, назар аударуға болатын нысандар туралы айта отыру болып келеді. Сондай бір сәтте біздің елдегі шағын аудандар құрылысы тәрізді көп қабатты тұрғын үйлер кешенін көрсетіп, қытай құрылысшыларының жұмыс қарқынына қатты риза екенін әңгімеледі. «Мен келгенде жаңа басталып жатыр еді, мінекейіңіз, мына көп қабатты зәулім үйлерден тұратын үлкен кешенді екі-үш жылда салып тастады» дейді, жолбастаушы таңғалып. Біз де қарадық, шынында, кешеннің сәулеті де, сапасы да көз тартып тұр.
Құрылысшылардың тазалыққа қатты мән беретіні де тәнті етті. Өйткені олар қалдық материалдардың үстін (құм, шағал тас, т.б.) жасыл тормен жауып қойыпты. Ал бізде ше? Айтуға аузың бармайды ғой: шаң, тозаң, қоқыс, түрлі қалдықтар…
Осындай көңіл күймен «шіркін-ай, құрылыс жұмысы басындағы тәртіпке біздің елде де ерекше бақылау болса ғой» деп, қамығып келе жатқанымда жолбастаушы:
– Ал мынау жемқорларға қойылған ескерткіш, – деп елең еткізгені.
Мойын бұрсам, «ескерткіш» дегені қаңырап тұрған құрылыс нысаны болып шықты.
Журналистік әуестікпен мәселенің мән-жайын сұрадым. Сөйтсем, «бес саусақ бірдей емес» дегендей, аузымыздың суы құрып, таңдайымызды қаға беретін ханзулардың шенеуніктерінің ішінде де тамыр-таныстықтың, сыбайлас жемқорлықтың қызығын көргісі келетіндер бар екен. Біз көрген «ескерткіштің» о бастағы иесі де осындай «ептілігімен» сөзге ілігіп, қолға түсіпті. Енді одан қалған «мұраны» бәлесінен аулақ дегендей ешкім сатып алмайды екен. Қазақтың «бүлінгеннен бүлдіргі алма» дегені сияқты да баяғы.
Шыдай алмай жолбастаушыға:
– Бұл ерекше «ескерткіштің» иесіне қандай жаза қолданды? – деп сұрап жібердім.
– Өлім жазасы, – деді де, артынан күліп:
– Анығын білмедім, менікі қалжың ғой, бірақ жеңіл жаза емес әйтеуір, – деді.

БІЗДІҢ МЭРЛЕРІМІЗГЕ ХАЙНАНЬНЫҢ ҚАЛАЛАРЫНАН НЕ ҮЙРЕНУГЕ БОЛАДЫ?

Хайнань қалаларынан көп нәрсе үйренуге болады. Оның бірін айтып та кеттім. Көшеде, қалада құрылыс жұмысын жүргізгенде оны айдан айға созбай, шаң-тозаңын бұқыратпай, қысқасы, тұрғындарды әбіржітпей, сапалы әрі тез бітіру.
Одан кейін көргенім, аялдамаларындағы… турникеттер. Біздің аялдамалардың көлік жүретін көше жағы қоршалмай, ашық тұратындықтан рульдеріне ие бола алмайтын жүргізушілер жолаушыларды зақымдап, кейде тіпті, ондай жол-көлік оқиғаларының соңы қайғылы жағдайлармен аяқталып жатады емес пе.
Ал Хайнань қалаларындағы аялдамалардың көше жақ беттері никельді турникеттермен қоршалып қойылыпты. Ал жолаушылар соның ішінде емін-еркін тұра береді. Өйткені күтпеген жерден болатын көлік қатерінен қауіпсіз.
Сосын аралдағы қалалардың бір ерекшелігі, көшелерінде не көп, электрлі скутерлер көп. Қытай негізі велосипедті аяқ лау (көлік) ретінде көп пайдалануымен аты шыққан ел емес пе, енді олар жаппай электрлі скутерге көшкен. Дыбыссыз, құлаққа түрпідей тиетін шуы жоқ, зиянды түтінсіз бұл көлік біздің елдің тұрғындары үшін де артық болмас еді. Аралдағы қалалардың ауасының тазалығы осыған да байланысты сияқты. Оның үстіне таксиі де, жолаушылар мен жүк көліктері де жаңа, үріп ауызға салғандай жұтынып тұр. Ешқайсысынан біздің қалалардағыдай қою қара түтін будақтап бара жатқан жоқ.
Біз мұндай биік мәдениет пен өрелі ел өркениетіне қашан жетеміз? Бірақ кеңес өкіметінің жетпіс жылғы аранынан құтылған тәуелсіз ел үшін жарқын болашақтың да ауылы алыс болмаса керек.

АКУЛАНЫҢ МАЙЫ, ХАЙНАНЬНЫҢ ШАЙЫ

Балықтың майы дегенге мән бермейтін басым «акуланың майы» дегенге байланды да қалды. Мүмкін көз алдымда көрсеткен тәжірибе әсер етті ме?
Жұқа пластмассадан жасалған екі ыдысқа қайнаған су құйды да, оның біріне балықтың майын, екіншісіне акуланың майын (бір капсуладан) тамызды. Әсері керемет: балықтың майы ыдыстағы сумен бірге қалқып қалып қойды да, ал акуланың майы (Скавлен) ыстық сумен араласқан сәтте қайнағандай быжылдаған көрініс берді де… жұқа пластмассаны тесіп өте шықты.
Туристерде үн жоқ. Таңғалғаннан, әрине. Міне, дәл осындай реакция акуланың майы адамдардың қанына араласқан кезде де болады екен де, қан тамырларындағы холестеринді және бітеле бастаған жолдарды мұз жарғыш кемедей «бұзып» өтіп, тазалайды екен. «Бұл — қан тамырлары үшін таптырмайтын ем» дейді бізге акуланың майының қасиетін түсіндірген дәрігер.
Оның айтуынша, акуланың майы бауыр талшықтарын қалпына келтіріп, оларды қорғауды қамтамасыз етеді; адам организмінің инфекцияға қарсылығы мен иммунитетін күшейтеді; қан мен асқазан-ішек жолдарын токсиндерден (улардан) тазартады; қан қысымын қалпына келтіреді; ми талшықтарының жұмысына көмектеседі; жүрек-қан тамырлары мен эндокринологиялық жүйені жақсартады деген сияқты тағы басқа көптеген пайдасы бар.
Қырықтың қырқасына шықса да (сұрап білді дейсіз бе, өз ойым ғой) өңін бермеген, сонау Мәскеудегі қызметін тастап Хайнаньға кеп жұмыс істеп жүрген сұлу келіншекке қарап отырып осының өзі де акуланың майын ішіп жүрген бикеш шығар деп ойлап қоям.
Жақсы заттың бағасы да жақсы болады, акуланың майына 100 мың теңгем кетті. Бірақ денсаулық үшін қасқалдақтың қанындай қат ақшаны құрбан етуге тура келді.
Экологиялық жағынан тап-таза өңірдің өнімі де ғажап болады. Ал мен көрген Хайнань Қытай еліндегі экологиялық ең таза аймаққа жатады. Оңтүстік Қытай теңізінің жанға дәру лебі мен төбеден төнген күнінің мол нұрынан, тауларды көмкерген жасыл желектердің хош иісімен нәрге толған Хайнань шайы тіпті керемет. Түрлері де көп өзінің. Біз тұтынып жүрген бояу қосылған шайға қарағың да келмей қалады.
Хайнань шайының бірі – «Байша тауының шайы» деп аталады. Ең танымалы да осы. Бір қарағанда сүйекті келетін шай біз бен сізге белгілі көк шайлардың ішіндегі чемпионы десек те болады. Шығымы да мол.
Хайнаньдағы шөптердің құрамынан жасалған дәстүрлі шайлары да адам жанына шипа. Айта берсем, ол жақта шайдың түрі де көп, демдеу, ішу дәстүрі де бөлек.
Оны тек қана көріп барып, бағалау қажет.

Тараз-Алматы-Хайнань-
Алматы-Тараз.

(Жалғасы келесі санда).

Жауап Қалдырыңыз

Your email address will not be published.